Өзбекәлі Жәнібеков

Өзбекәлі Жәнібековтың  өмірбаяны мен атқарған қызметтері

Өзбекәлі Жәнібеков (28.8.1931, Оңтүстік Қазақстан Отырар ауданы Сарықамыс ауылы -22.2.1998, Алматы) – мемлекет қайраткері, этнограф, тарих ғылымның кандидаты (1990). Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Алматы мемлекеттік университеті) бітірген (1952). Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облысының Келес ауданында мектеп мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі (1952-1955), Келес ауданы комсомол комитетінің 1-хатшысы (1955-1956), Шымкент облысының комсомол комитетінің хатшысы (1956-1961), Қазақстан ЛКЖО ОК – нің 1-хатшысы (1961-1970), Қазақстан компартиясы Торғай облысы комитетінің хатшысы (1970-1975), Қазақстан компартиясы ОК-нің шет елдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі (1975-1977), Қазақстан мәдениет министрінің орынбасары (1977-1988); мәдениет министрі (1987-1988), Қазақстан компартиясы ОК-нің хатшысы (1988-1991) қызметтерін атқарды. Жәнібеков қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына үлес қосты.

Әр заманда елдің тарихы мен мәдениетін жаңғыртатын, ұлттың бай мұрасын келешек ұрпаққа жеткізе білетін алып тұлғалар болады. Солардың бірі әрі бірегейі – көрнекті мемлекет қайраткері, белгілі этнограф Өзбекәлі Жәнібеков.

Ол атақ-абыройды қуған жоқ. Кеңестік идеологияға қарамастан, Алаш зиялыларының ақталуына атсалысты. Елдің Наурыз мейрамымен қайта қауышуына үлес қосты. Тайқазанды қайтарып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қалпына келтіру жұмыстарына бастамашы болды. Музей ашты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты. 

Оның балалық шағы қиындыққа толы болды. Әкесінен ерте айырылды. Соған қарамастан, барлық қиындыққа төтеп беріп, соғыстан кейінгі ауыр жағдайға мойыған жоқ. Жастайынан қара жұмысқа араласты. Отын шапты, шөп жинады, су тасыды, мал бақты. Аурушаң анасына барынша көмектесуге тырысты. 9 жасында анасынан айырылды. Жетімдіктің қамытын ерте киіп, тағдырдан әбден теперіш көрді. Соған қарамастан, білімін шыңдап, Абай атындағы Қазақ педагогика институтына түседі. Бірақ жоқшылықтың салдары сезілді. Ауылынан Алматыға шыққанда жолына ақша таппай қиналды. Ал қалаға барғаннан кейін күндіз сабақ оқып, кешке қара жұмыс істеді. Вагондардан жүк түсірген кездері аз емес.

 

Қазақтың қара нары

Институтты үздік бітірген Өзбекәлі Жәнібеков алдымен оңтүстікке оралып, мектепке ұстаздық етіп, тарих пәнінен сабақ берді. Білімді әрі білікті ұстаз бірден көзге түседі. Оқу ісінің меңгерушісі болды. Қоғамдық шараларға белсене атсалысып жүрді. Сөйтіп, аудандық комсомол ұйымының жетекшісі қызметіне дейін көтеріледі.

Өзбекәлі Жәнібеков Келес ауданында қызметте жүргенде болашақ жары Халиханмен көңіл қосып, шаңырақ көтереді. Екі ұлы және бір қызы дүниеге келеді. Өзбекәлі балаларын қазақылыққа барынша баулып өсірген. Халыққа да жақын болды. Ел арасында оны "Өзаға" деп атайтын.

Ол - өзінің турашылдығымен, қазақ халқын жан-тәнімен сүйетін ұлы қасиетімен ел арасында аты аңыз болып тараған адам. Қазақстан комсомолын басқарып жүріп, қазақтың салты, әдет-ғұрпы, дәстүрі деген мәселелерді ешкімнен қорықпай, үнемі дәріптеумен болған адам.

Өзбекәлі кеңес билігінің кейбір қисынсыз шешімдерді бұзудан қорықпады. Қызметтен айырылып қаламын деп сасқан жоқ. Соның ішінде үкіметтің қазақ жастарын мал шаруашылығына жаппай жіберу, ал қыздардан трактор бригадаларын құру ұсынысына қарсылық танытқан. Өз ойларын «қарсы екенін» де ашық айтты. Жастарды өнер-білімге баулуға жағдай жасады. Осы жолда өзінен жоғары тұрған басшылардан қарсы шығудан именбеді.

Ұлтжанды Өзбекәлі Жәнібеков кеңестік идеологияның тар шеңберіне сыймаған тұлғалар қатарында болды. Мысалы, ол биліктің ұстанымына қарамастан, қазақтың тарихын терең зерттеді, салт-дәстүрді кеңінен насихаттауға күш салды. Содан оны астанадан шалғай жерге жіберді. Өзекең жаңадан құрылған Торғай облысына барды. Облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы қызметін атқарып жүріп, Торғай өңірін танымастай өзгертуге атсалысты. Бес жылдан кейін Орталық комитеттің шет елдермен байланыс бөлімін басқарады. Оны ұлттың мүддесі үшін пайдаланады. Ал араға бір жыл салып, мәдениет министрінің орынбасары болып тағайындалады.

 

Тайқазан тарихи отанына оралды

Өзбекәлі Жәнібеков мәдениет министрлігіне келген бойда қазақтың сәулет ескерткіштеріне көп мән бере бастады. Оның тұсында 400-ге жуық археологиялық нысанды қалпына келтіру жұмыстары атқарылды. Соның ішінде Қожа Ахмет Иасауи кесенесі де бар. Басшымын екенмін деп «кекірейген» жоқ. Балағын түріп, жұмысшылармен бірге құм тасыды. Әсіресе, әулие кесенесі негізінде құрылған «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің құрылуына қосқан үлесі зор. Кеңес өкіметінің саясатына қарамай, кесенеде жерленген хандар мен сұлтандар, билер және батырлардың құлпытастарын музей экспозициясына қойды. Атеистік қоғамда Қожа Ахмет Ясауидің мұрасы мен іліміне бетбұрыс жасады.

Өзбекәлі Жәнібеков құлпытастардағы араб тіліндегі жазуларды да қазақ тіліне аударуға атсалысты. Ол кезде кесененің сән-салтанаты болған атақты Тайқазанның орны бос тұрған. Оны 1935 жылы Ленинградқа (қазіргі Санкт-Петербор) қаласында өткен Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға апарған. Бірақ кері қайтарған жоқ еді. Араға 54 жыл салып, 1989 жылдың 18 қыркүйегінде Тайқазан тарихи отанына қайта оралды. Бұның бәрі – Өзбекәлі Жәнібековтің жанқиярлық еңбегінің арқасында болды. Ал оның тағы бір тапқырлық қырын Арыстан баб кесенесінің жұма мешітін қалпына келтіруге кіріскенде Мәскеу рұқсат бермейді. Содан Өзбекәлі Жәнібеков айлаға көшіп, Отырардың суландыру жүйесінің экспозициясын жасаймыз деп, кезінде құлатылған мешітті қалпына келтірді.

Оның бастамасымен Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатымен "Арқас" қоғамы құрылды.

 

Қасабаны тапты

Өзбекәлі қазақ халқының көне музыкалық аспаптарын да зерттеді. "Шертер", "Адырна", "Алтынай" және тағы басқа фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырды. Ансамбль мүшелерінің әрбір киіміне мән берді.

"Өзекең біздің дәуірімізге бірде-бір қасаба жетпеді ме деп, оны эрмитажға дейін іздеп барды. Татарлардың арасында бар екенін біледі. Сөйтіп жүріп, орталық архивтен ертеде тапсырылған бір қасабаны тауып, соны ары қарай ұлт мәдениеті ретінде көрсетті", - деп еске алады профессор Құлбек Ергөбек.

Өзбекәлі Жәнібеков шошаланың эскизін айна-қатесіз жасап, кезінде Сырдариядан жүрген ағаш қайықтың үлгісін де қалпына келтірді. Алаш арыстарының, оның ішінде Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев есімдерінің халқына қайта оралуына белсене ат салысты. Наурыз мейрамының жаңғыруына зор үлес қосты. Айтысты жаңғыртты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты.

 

ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ ТУРАЛЫ ПІКІРЛЕР:

 

«Жұртына құрбан болсам деп, атыңа тұрман болсам деп», ел жүгін көтеруге жаралған сирек жандардың бiрi – Өзбекәлі Жәнібеков еді.

Рахманкул БЕРДІБАЕВ,

академик, филология ғылымдарының докторы.

 

Елім деп туған қайсар жан... Құдай берген құдіретті күштің арқасында ол энциклопедиялық білімнің иегері еді. Ол - бiрегей ұйымдастырушы, бірегей ұйытқы. Ол музыканы керемет білетін. Ол - этнограф. Ол-философ. Оның халыққа сіңірген еңбегiн тiзбелеп шығу үшiн ғана үлкен кітап жазу керек. Өзбекәлі Жәнібеков бүкіл саналы өмiрiнде қазақ халқының дүниежүзілік цивилизацияға қосқан үлесін дәлелдеумен өтті.

Шерхан МҰРТАЗА,

Қазақстанның Халық жазушысы.

 

Өзбекәлі - қазақ халқының ХХ ғасырдағы біртуар перзенттерінің бірі. Оған «қиядан атойлап шығып, қисынын тауып, қамал бұзарлық» қайраткерлік тән еді. Ол тыңнан жол табатын, реформатор, өзіндік ізі бар, өзіндік жігері бар, құрыштан сомданып құйылған батыр, ғалым, қайраткер, өнерпаз азамат ретінде қазақ тарихында есімі қатталды.

Манаш ҚОЗЫБАЕВ,

академик, тарих ғылымдарынын докторы.

 

«Ұлттық мемлекетіміздің қайтадан қалпына келтіріліп, тәуелсіз даму жолына түсуіне де Өзағаңның сіңірген еңбегі ерекше. Өзі өнген түп тамырдың бар нәрін бойына жинай білген түс перзент еді. Ақ емген адал сүтін халқына түгел қайтарып  беру жолында көз жұмғанша аянбай еңбек етті».

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның Халық Жазушысы.

 

Өзекеңнің тыңғылықты зерттеушілік, ғылыми еңбектер жазу шеберлігі ерекше болатын, ол қазақтың мәдени мұралары мен тарихи ескерткiштерi, ұлттық-киім, ою-өрнек, би және сәулет өнері жайында жеке-жеке монографиялар жазып бастырды.

Камал СМАЙЫЛОВ, жазушы.

 

«Нұрлы жүзді, әдемі қоңыр үнді, жаратылысы бөлек Өзбекәлі ел тарихы мен мәдениетінің білгірі, қасиеттің тұнып тұрған тұнбасы, ойдың тереңі халқымыздың кескіні менен келбеті, қайраты менен айбаты еді, арысы еді, дара тұлғасы еді, елінің асылы, баршаның жақыны еді, қайыспайтын қара нары, шалыс баспайтын кержорғасы еді, бойын жасырған тұлпар еді. Заманымыздың Бұқар жырауы, Төле биі еді»

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,

 академик, филология ғылымдарының докторы.

 

«Адамнан азамат шығаратын, баладан дана жасап шығаратын құдіретті күш – ұстаз еңбегі. Өзінің уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау ұстазға ғана тән. Өзбекәлі Жәнібеков арда туып, өмірде арман қуған жан. Адамдардың неге қабілеті бар, соны өсіруге күш-жігерін жұмсаған жан, өнер жанашыры».

Зейнолла Қабдолов

Халқымыздың көрнекті ғалымы, академик.

 

«Өзағаңмен біз қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе әперуге байланысты бірігіп еңбек еттік. Ақтаңдақтарды ақтап алуға байланысты көп ақылдасушы едік. Ол кісінің артына қалдырып кеткен ғылыми еңбектері баға жетпес қазына. Қолға алған нәрсесін аяқтауға тырысатын. «Қазақ тілі» қоғамын құруға мен мұрындық болсам да Өзағаңның көмегі көп болды. Тілімізге мемлекеттік мәртебе беру деген үлкен іс. Сондықтан бұл іске халықты араластыру, елдің санасын ояту керек болды. Осы істердің барлығына жол көрсетіп келген Өзбекәлі Жәнібеков еді».

 Академик Әбдуәли Қайдаров .

 

«Өзбекәлі Жәнібеков үлкен қызметтен кеткеннен кейін қайта қызмет сұрамаған, депутаттыққа да қызықпаған. Ол мансап іздемеген адам еді. Сөйте тұра жоғары мансапқа жеткеніне өзі де таңырқап күлетін»

Қоғам қайраткері Серікболсын Әбділдин.

 

ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

к і т а п х а н а

 

«ҰЛТ РУХЫН ҰЛЫҚТАҒАН ТҰЛҒА»

 

Танымдық-библиографиялық көрсеткіш

 

 

 

 

Шымкент 2022 жыл

УДК 01

ББК 91.9-83

Б 12

 

 

 

Жауапты библиограф: Тукенова Р.С.

 

«Ұлт рухын ұлықтаған тұлға»: Танымдық- библиографиялық көрсеткіш – Познавательно-библиографический указатель/ Құрастырушы Р.С.Тукенова. –Шымкент, ОҚМПУ кітапханасы, 2022. -  44- бет.

 

 

«Ұлт рухын ұлықтаған тұлға»: танымдық- библиографиялық көрсеткіш қазақ мәдениетін жаңғыртуға үлкен үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткері, тарихшы-этнограф, өнер зерттеушісі, ғалым Өзбекәлі Жәнібековтың 90 жылдық мерейтойына арналып дайындалған.

Бұл танымдық- библиографиялық көрсеткіште Өзбекәлі Жәнібековтың өмірдерегі, қайраткер туралы пікірлер, кітаптарының библиографиялық сипаттамасы аннотациямен хронологиялық ретте  көрсетілген және мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалардың сипаттамалары жинақталған.

 Көрсеткіште Ө.Жәнібековтың өмірбаяндық «Тағдыр тағлымы» кітабынан үзінділер берілді.   

 

 

@roza-2365@ mail.ru

 

 

ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВТЫҢ

өмірі мен қызметінің хронологиялық тізбесі:

 

28.08.1931 ж. -

Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Сарықамыс ауылында дүниеге келген.

 

1948-1952 ж.ж. -

Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Алматы мемлекеттік университеті) бітірген.

1952-1955 ж.ж. -

Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облысы Келес ауданында – мектеп мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі.

1955-1956 ж.ж. -

Келес аудандық комсомол комитетінің 1-хатшысы.

1956-1961 ж.ж. -

Шымкент облыстық комитетінің хатшысы. комсомол. 

 

1961-1970 ж.ж. -

Қазақстан ЛКЖО ОК - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1-хатшысы.

1970-1975 ж.ж. -

Қазақстан компартиясы Торғай облыстық комитетінің хатшысы.

1975-1977 ж.ж. -

Қазақстан КП Шетелдермен байланыс бөлімі меңгерушісі.

1977-1988 ж.ж. -

Қазақстан Мәдениет министрінің орынбасары, Мәдениет министрі.

1987-1988 ж.ж. -

КП ОК хатшысы қызметтерін атқарды. Қазақстан партиясы

1988-1991 ж.ж. -

О.Жәнібеков қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, салт-дәстүрінің, әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына зор үлес қосты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға атсалысты.

1990 ж. -

Новосібірде «Тарихи-этнографиялық тұрғыда қазақ өнерінің дәстүрлік проблемалары» кандидаттық диссертация қорғаған.

22.02.1998 ж. -

Қазақтың Өзағасы 67 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Оның жерленген жерінде Алматы қаласында кесене тұрғызылды. Биыл Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 90 жыл толып отыр.

 

ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ОЛ ТУРАЛЫ КІТАПТАРДЫҢ БИБЛИОГРАФИЯЛЫҚ ТІЗІМІ:

 

Халқына қалтқысыз қызмет еткен тұғыры биік тұлғаның халық өнерін, тарихи, мәдени ескерткіштері мен жәдігерлерін сақтап қалу мақсатындағы зерттеу және мемуарлық еңбектері: "Қазақтың ұлттық қол өнері" (1982); Жаңғырық" (1991); "Уақыт керуені" (1992); "Жолайрықта" (1996); "Қазақ киімі" (1996); "Ежелгі Отырар" (1997); "Тағдыр тағылымы" (1996, 1-кітап, 1997, 2-кітап) қай уақытта да оқырманға бағалы  құнды кітаптар.

 

УДК 7.031.4

ББК 63.5(2К)

Д 40

Джанибеков У. Д. Эхо... По следам легенды о золотой домбре. [Текст] :Монография. /Ред. С. Муктарулы, С. Сакун - Алма Ата: Өнер, 1991.- 304 с., ил. ISBN 5-89840-283-7

Книга У.Джанибекова знакомит с историей и этнографией казахского народа. В начальных разделах прослеживается эволюция и преемственность историко-этнических и культурных процессов на территории Казахстана, характеризуется общественный строй и быт казахов их обычаи и обряды. Привлекают внимание материалы об оседлых земледельческих хозяйствах казахов в дореволюционную пору, о народных промыслах: раздумья автора о судьбе и путях дальнейшего развития народного костюма, традиционного жилищного зодчества. Раздел, посвященный музыкальному, танцевальному и фольклорному искусству, представляет интерес и потому, что автор сам принимал непосредственное участие в воссоздании музыкальных инструментов, забытых песен и танцев, организации фольклорно-этнографических ансамблей.

Автор ищет и находит интересные, выпавшие из поля зрения историков и этнографов детали и штрихи, фактические материалы, легенды и былины, которые дополняют историю народа, создают его образ.

Каждый раздел книги снабжен обширным иллюстративным материалом. Многие фотографии публикуются впервые.

821.512.122

ББК 63.3 (2К)

Ж36     

Жәнібеков, Ө. Уақыт керуені [Мәтін] / Ө. Жәнібеков.- Алматы: Жазушы, 1992.- 192б. ISBN5-605-00959-1

 "Уақыт керуені" Өзбекәлі Жәнiбековтың мұнан бұрын орыс тiлiнде шыққан "Эхо..." атты кiтабының көпшiлiк тiлегiн ескере отыра, толықтырылып қазақ тiлiнде қайта жазылған түрі. Сапалы қағаз тапшылығына байланысты слайдсуреттер берiлмедi. Кiтап автордың қазақ тарихы мен жасампаздығына байланысты өзi зерттеген мәселелер бойынша тарихшы - этнографтардың, өнер мен әдебиеттанушы ғалымдардың қаперiнен тыс қалып келе жатқан жайттарға баса назар аудара білгендiгiмен де құнды. Басылымнан оқырман қауым, ғылыми жұртшылық, әдебиетшілер мен өнер қайраткерлерi, мұғалiмдер мен студенттер, оқушы жастар көңілге ой салатын тұжырымды пiкiр, нақтылы деректер, қызғылықты мәлімет таба алады.

 

821.512.122

63.3(2каз)

Ж36

Жәнібеков, Ө. Тағдыр тағылымы [Мәтін]: Естеліктер / Ө. Жәнібеков.- Алматы: Рауан, 1996.- 192б.           

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнограф, өнер зерттеуші ғалым Өзбекәлі Жәнібековті елімізде білмейтіндер кемде-кем. Ол - ұрпақ тәрбиесiн жақсартуға, ұлттық мәдениетті дамыту ісіне, халқымыздың дәстүрлі өнерiн дүниеге танытуға өзіндік үлесін қосқан адам. Республика жастарын игі істерге бастаған ұзақ жылдар, партия, кеңес қызметiнде жүрiп бастан кешкендер, тарихи және мәдени ескерткiштердi мемлекеттік есепке алу, қорғау, қайта ұқсату және пайдаланудағы бесенелі бейнет, сол сияқты әдiлет пен келешек қамы үшін күрескен кешегі дүрбелең дәуір автор қаламынан шыққан iзгi шежіредей, бір сөзін аттап кете алмайсыз.

Кітаптың бағамды бай тілі, тартымды өткір желісі, алуан өткелдер, тағдыр тарылымы сізді алысқа жетелей береді, жетелей береді. Жоғары мақсат мүдделердің даңғылымен құшақ жайып қауышасыз.

 

821.512.122

63.3(2каз)

Ж36

Жәнібеков, Ө. Жолайырықта [Мәтін]: Көкейкесті тақырыптарға сұхбат/ Ө. Жәнібеков.- Алматы: Рауан, 1995.- 192б. ISBN 5-625-02475-8

 

«Жолайырықта» - автордың қазақ қоғамының айналадағы ортаны әлеуметтiк және эстетикалық тұрғыдан игерген іс-тәжірибесімен тікелей байланысты халық сәулеткерлігіне арналған туындысы. Кiтап казаққа қатысты этнографиялық әдебиетте алғаш рет жылжымалы баспана мен тұрақты мекенжай үлгiлерiн ғылыми жағынан жiктестiргенiмен ғана емес, оларды мемлекеттiк есепке алу, қалпына келтiру, қорғау, өнегелі тұстарын қазiргi тұрмысқа пайдалану арқылы халқымыздың еткен өмiрiне, тұрмыс-салтына, наным-танымына, талғамына, өндіргіш күштерiне, құрылыс мәдениетіне ілтипатпен қарауға ынталандыратынымен де құнды. Өрбіту қоры кiтапханасы сериясына арнайы жазылған. Басылымнан кiтan оқырман қауым, ғылыми қызметкерлер мен мұғалiмдер, студенттер мен оқушы жастар соны пiкiр, тұжырымды ой, қызғылықты деректер таба алады. Кiтаптан түскен қаржы толығымен «Арқас» өрбіту қорына аударылды.

 

УДК 821.512.122

ББК 84 (5 Қаз)

0-61

ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН: Шығармашыл зиялылар. [Мәтін]: 1-басылым, -Алматы: "Нурлы Әлем", 2001. -320 бет. ISBN 9965-403-80-5

Тұңғыш рет жарық көрген бұл анықтамалық - ғумырнамалықта оңтүстік өңiрiнiң шығармашыл зиялылардың өмірбаяндық мәлiметтерi дерек көздерден екшелiп, сүзiп алынған. Жалпы оқырман жұртшылыққа, зиялы қауымға, ел зердесiн жаңғыртушы зерттеушiлерге арналған анықтамалықтың 45-бетінде халқы үшін еңбек еткен тұлға Ө.Жәнібеков  ғұмырнамасынан дерек берілген.

 

551.46(03)

92(5каз)

0-62

OҢTYCTIK ҚАЗАҚСТАН энциклопедия. [Мәтін]: /Бас редактор Б.Ғ.Аяған. - Алматы, "Казак энциклопедиясы" ЖШС,2005. -560 бет.

ISBN 9965-9746-1-6

Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмшiлiгiнiң тапсырысымен шығарылған бұл басылым сан ғасырлық тарихы бар киелі Оңтүстік өлкесiнiң сырға толы шежiресi. Әліпбилік жүйемен берiлген кiтапқа қасиетті орындар мен мәдениет ескерткiштерi, ел тұтқасы болған тарихи тұлғалар, осы өңірден шыққан ғұлама ғалымдар, билер мен батырлар, мемлекет және қоғам қайраткерлерi, облыстың бiрiншi басшылары мен құрметті азаматтары, елге ерекше еңбегі сіңген азаматтар Кеңес Одағының Батырлары, Еңбек Ерлері,  депутаттар, мемлекеттiк сыйлықтың лауреаттары, академиктер мен ғылым докторлары, халық артистері мен еңбек сіңірген артистер, Қазақстан Жазушылар одағының, Композиторлар одағының, Суретшілер одағының мүшелерi, танымал журналистер, халықаралық жарыстарда жүлде алған өнер саңлақтары, Әлем, Азия, Еуропа және Олимпия чемпиондары мен жүлдегерлерi болған халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерi, олардың жаттықтырушылары, облыс аумағындағы iрi ауылдар мен қалалар, өзендер мен көлдер, өнеркәсіп орындары, мәдениет ошақтары, оңтүстiкте кездесетiн табиғи құндылықтар енгiзiлген.

 Дара тұлға Ө.Жәнібеков туралы мәлімет осы энциклопедияның 221- бетінде орналасқан.

 

УДК 821.512.122

ББК 84 (5Каз)

A26 

Адырбек. Б. Өзбекәлі Жәнібек. [Мәтін] - Алматы: ЖШС «Қазақстан» баспа үйі», 2021. - 384 бет. ISBN 978-9965-10-147-2

Ғұмырнамалық кітаптың кейіпкері - қытымыр коммунистік қоғамда жарық дуниеге келiп, жетiмдiк тақсiретiн тарта жүріп ер жетіп, өршелене өсiп, ұлтына қызмет етуден бiр танбай өткен өршіл мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібек. Заманынан оза туған ұлттық болмысты азаматтың қайраткерлiк қалыптасу жолы һәм қазақтың музей iсi, ұлттық киiм үлгiлерi, ұлттык өнері (ән, би, сәулет) хақында терең тебiренiстi этнолог ғалым болып қалай қалыптасқаны жайында туындыгер дәйектi әңгiме сабақтайды. Қайраткерлігін халқына арнаған тұлғалы азаматтың өнегелi өмiр жолы деректі ғұмырнамалық баян түрінде өрiледi. Дерегi мол, кiтаптың тілі көркем.

 

МЕРЗІМДІ БАСПАСӨЗДЕ ЖАРИЯЛАНҒАН МАҚАЛАЛАР:

94(574)

ББК 63.5(2К)

А40

Алдаберген, М.Н. Рухани жаңғырудағы Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен щығармашылық мұрасының маңызы [Мәтін] / М.Н. Алдаберген // ОҚМПУ хабаршысы-ЮКГПУ вестник.- 2018.- № 3-4.- Б55-72.        

 

УДК 7.031.4

ББК 63.5(2К)

А68 

         Аңыз адам [Мәтін]: Өзбекәлі Жәнібеков-90 // Егемен Қазақстан.- 2021.- №.- Б.6.    

 

УДК 7.031.4

ББК 63.5(2К)

А45 

Әліп, Ә.   Өрелі, өрісті өнеге [Мәтін]: Жәнібеков Өзбекәліге-90жыл / Ә. Әліп // Оңтүстік Қазақстан.- Шымкент.

                  

УДК 7.031.4

ББК 63.5(2К)

 Б59

Бименова, Д.   "Ұлтты жатсыну-ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер" [Мәтін]: ОҚМПУ Тәуелсіздікке-30жыл, Ө.Жәнібеков-90 жылдығына арналған конференция болды / Д. Бименова // Оңтүстік Қазақстан.- Шымкент.

 

УДК 7.031.4

ББК 63.5(2К)

Б82

Бөрібек, Б.       "Жыр арқауы -Тәуелсіздік" ОҚМПУ-дағы аламан айтыс Ө.Жәнібековтың 90 жылдығына арналды [Мәтін] / Б. Бөрібек // Рейтинг.- Шымкент.

 

УДК 7.031.4

ББК 63.5(2К)

Е49 

Елшібай, Ғ. Ұлт рухын ұлықтаған тұлға [Мәтін] / Ғалымжан Елшібай // Егемен Қазақстан.- 2021.- №.- Б.6.   

 

УДК 7.031.4

ББК 63.5(2К)

Е65 

Ергөбек, Қ. Өзбекәлі Жәнібек кім? [Мәтін]: Жәнібеков Өзбекілі-90 жас / Қ. Ергөбек // Ардагерлер тыныс.- Шымкент, 2021.- № 9(25).- Б 13-15.

УДК 7.031.4

ББК 63.5(2К)

Е81 

Ескен, Е. Тайқазанмен еліміздің ырыс-дәулеті қайта оралды [Мәтін] / Е. Ескен // Рейтинг: Ақпараттық-сараптамалық газет.- 2022.- №43-44.- Б.17.       

        

УДК 7.031.4

ББК 63.5(2К)

Ж12

Жаппар, А.      Өзбекәлі Жәнібеков есімі ұлықталған күн [Мәтін]: ОҚМПУ Ө.Жәнібековтің-90 жылдығына арналған конференция болды / А. Жаппар // Шымкент келбеті.- Шымкент.           

 

УДК 7.031.4

ББК 63.5(2К)

Ж13

Жәдігерұлы, А. Бас бәйге- Нұрғали Әнапияда [Мәтін]: ОҚМПУ, айтыс / А. Жәдігерұлы // Шымкент келбеті.- Шымкент.       

 

УДК 7.031.4

ББК 63.5(2К)

Ж36

Жәнібек, Ө.      Көзімнен жас шықпай, іштей тына беріппін [Мәтін]: Жәнібеков Өзбекілі-90 жас / Өзбекәлі Жәнібек // Аңыз адам.- Шымкент, 2017.- №11 (167) маусым.- Б 3-35.   

 

УДК 7.031.4

ББК 63.5(2К)

Н19

Назарбек, Н. Наурызды тұғырына қондырған тұлға [Мәтін]: Өзбекәлі Жәнібеков / Н. Назарбек // Айқын.- Алматы.   

 

УДК 7.031.4

ББК 63.5(2К)

С31

Сейдуманов, С. Ұлтжанды алып тұлға [Мәтін]: Өзбекәлі Жәнібеков-90 / С. Сейдуманов // Жас Алаш.- 2021.- 19 тамыз.- Б.5.

 

УДК 7.031.4

ББК 63.5(2К)

С64 

Сол алақан болмаса [Мәтін]: Өзбекәлі Жәнібеков-90 // Ана тілі.- 2021.- 35 2-8 қыркүйек.- Б.5.  

 

УДК 7.031.4

ББК 63.5(2К)

Ү55 

Үлкен жүректі алып тұлға [Мәтін]: Өзбекәлі Жәнібеков-90 // Жас Алаш.- 2021.- №68 24 тамыз.- Б.6.                 

 

 

 

 

ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ: «ТАҒДЫР ТАҒЛЫМЫ» КІТАБЫНАН ҮЗІНДІ:

 

ӨЗІМ ТУРАЛЫ

О, пәни дүние-ай! Адамның уақыты тар болатындығынан, асқақтаған өмiрi сабалап жауған ақ жаңбырдай өте шығады екен. Әне-міне дегенше алпыстан да асып барамыз. Қолыма қалам алып, бастан кешкенді, көрiп бiлгендi қағазға түсірсем деймін. Әділ қазым өзiң боларсың, оқушым.

Бiрде менің мәскеулік досым Владимир Колмогоровқа бiр жолдасы әзіл-қалжыңын араластырып: ,,Сен, осы, Жәнiбековпен қалай достасып кеттің. Өзi бiр, қабағы салыңқы, тұнжыраған адам ғой. Кездескенде бiрiңнiң бетiңе бiрiң қарап отыра бересіңдер ме, қалай? Арақ iшкенде де үндемей iшесiндер ғой, ǝ" деген екен. Аппаратта істейтін бір жас қыздың (оны сөз саптауынан анғардым) Кеңес Армиясы күнімен құттықтаған ашық хатынан: ,,Сiзге күлімсіреген көбірек жарасады. Жұртқа жылы шырай көрсете берсеңіз, мерейіңіз үстем бола бермек. Аты-жөнiмдi көрсетпей-ақ қояйын, бұл жолы инкогнито қалғаным дұрыс болар" деген сөздерді де оқығаным бар-тын. Несiн жасырайын, бәлкiм, ата-анадан ерте айырылып, бала жастан тұрмыстың тауқыметін тартып, адамдардың зұлымдығын, арақатынасындағы екiжүздiлiктi көргендіктен бе, әйтеуір, езу тартып, жымия бермейтінім рас. Бірақ, ашу-ыза керней қалған сәтте райдан тез қайтатыным бар. Кек сақтамаймын. Кейде түнеріп, төмен қарап келе жатып, кездесе кеткен таныстарды байқамай кете беретін сәттерім де болады. Тiптi өзiмдi етене түсінетіндер болмаса, қызметтестерімнің көпшілігіне табиғатынан қатал, анау-мынауға иiле қоймайтын, қарауындағылардан ұқыптылықты, жауапкершілікті талап еткеннен басқаны білмейтін қақайған, қатыгез басшы болып көрiнетiнiмдi де сезiнетiнмiн. Өмір болған соң кейде солай етуге итермелейтін жәйттер де кездесе береді екен.

Мәселен, 1972 жаңа жылға арнап, Арқалықта балалар үшін "мұз қалашығын" орнаттық. Желтоқсанның 30-жұлдызында, келесi күнi жұрт жаңа жылды қарсы алатын болғандықтан, жұмыс аяғына қарай көргелі барсам, ондағы "Ертегiлер бұрышы", сырғанақ, хоккей алаңы, т.б. объектiлер жабдықталғанымен, қалашықтың айналасын қоршауды ұмытып кетiптi. Қорғанға әдейі арнап кесілген мұз блоктары шашылып әр жерде жатыр. Мұны көрiп, қалалық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы И. Стрикті, қалатком төрағасы  F. Жоламановты шақырып алып, үн-түнсiз блоктарды құрастыруға кiрiстiк. Бiздi көрiп, жұмыстан қайтып келе жатқандар да екеу ара бiр-бiр блоктан алып келiп, қорғанның қанасына қойып жатты. Сөйтiп, не керек, бас-аяғы 30-40 минуттың iшiнде Мәскеу Кремлін еске салатын, бұрышы да мұнарасы да бар «қамал-қалашық» дайын болды. Рахметімді айтып, жұртты тараттым. Стрик болса, Жоламановқа карап: "Солай, Ғабдессалам, өзгелердi ұйымдастыра алмаған өзiмiзге жұмыс iстеуге тура келедi" деп күлдi.

1973 жылы жазға қарай Торғай облысына Ленин орденін тапсыру үшiн Д.А. Қонаев Арқалыққа келетін болды. Аса құрметті қонақтың келуiне облыстық музейді ашуды орайластырған едік. Экспозициясын дайындап, орын-орнына қойғызып болғаннан кейiн, еденiн сырлауды қадағалауды облатком төрағасының орынбасары мен қаланың басшыларына тапсырып, Есіл ауданына жүрiп кеттiм. Жұма күнi кешкi сарат 6-ға қарай Арқалыққа қайтып келсем, ештеме істелмепті. Музейде бір жан жоқ, жұрт тарқап кеткен. Музейдiң үйiн жөндеуден өткiзiп жатқан Торғай боксит кенiштерiнiң басқармасына телефон соғып, үйіне кетіп қалған қоймашыны шақыртып алып, бiрнеше бөшке еден сырын, берішімен қоса, бiлiк, бояу жаққыштар әкелгенше сағат 8-ге жақындап қалды. Дереу телефон соғып облатком төрағасының орынбасарын, қалалық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысын, орынбасарымен қоса қалатком төрағасын, мәдениет басқармасының бастығын шақырып алып, еден сырлауға кірістік. Үш қабат ғимараттың еденін, дәліздерімен, баспалдақтарымен қоса сырлап шығу оңай ма? Танғы 3-ке қарай әріптестерiме қарасам, адам танығысыз, беттерi былаудай боп iсiп, көздері жасаурап кетіпті. Музейдi сенбі, жексенбі күндерi желдетіп алмақ боп, iшкi есiк, терезелерін айқара ашып, таң ата тарқастық. Сейсенбі күні Аркалыққа келген Қонаев, көрші облыстардан келген делегациялар, жаңа музейдің экспозициясымен танысып, ризашылығын бiлдiрдi. Осы бiр оқиға жұртқа белгілі боп қалып, «Жәнібеков бастықтарға да қара жұмыс істетеді екен» деген лақап бүкіл облысқа тарап кетiптi.

Жүзім соншалықты суық болмағанымен кейбіреулердiң кездескенде дегбіреп, сасып қалатынын білем. Әлі есімде, бір жолы Шымкенттен келген Георгий Рудов деген жас жiгiт (сонғы кезде Лаоста Ресей елшiсi болып істеді) іштегілер шыға қоймаған соң, менiң қабылдау бөлмемде көбiрек отырып қалыпты. Кабинетке кезегiмен кiрiп келе жатқанда, оның үстiндегi сол кездiң сәнiне сай, көкшіл бостон костюмiне, қара галстук таққан нейлон көйлегiне, аяғындағы су жаңа жылтыратылған қара туфлиіне көңіл аударып үлгірмей жатып, мастикамен ысқыланған еденде тайып жығылғанын көрдім. Қасына жетiп барып, орнынан тұрғызып, алдымдағы орындыққа отырғызғанда байқағаным, әлде менің сұстым басты ма, әлде көп күттірген кездесудiң немен тынатынын ойлап қаймықты ма, әйтеуір тізе буынының қалтырап ǝбiржiгені. Көңілін орнына түсiру үшiн жанама сұрақтар беріп әңгімелесуге тура келдi. Тiл табысып, кейiннен достасып та кеттік.

 Мансапқорлық, тәкаппарлық, менмендік, өзін басқалардан жоғары ұстау менде болған емес. «Аяз би әлiндi бiл, құмырсқа жолыңды бiл» дегендей, мәңгі бақи алды-артыма қарайлап өмір кештім. Оны менiмен қызметтес болғандар жақсы бiледi. Әрине, азынаулақ биліктің дәмін татса-ақ, оған елiтiп мас боп, өзгелерге паңдана қарайтын мықтылар бізде аз емес қой. Мен ондайдан аулақпын. Барды қанағат тұтып, елге қызмет етуден басқаны ойламай, «өзім деген кiсiге» үлкен-кiшiсiне, лауазымына әлеуметтік қал-жағдайына қарамастан «өзегімді суырып беруге" даяр тұратыным хақ. Жиған-тергенім, арттырғаным да шамалы. Қызмет басты болып, үй ішіне де жөндi көңiл бөле алмаппын. Тағдырдың маған мәңгiлiк адал жар, балаларыма асыл ана болсын деп қазақтың мұнтаздай таза, қарапайым қызы Халиханды кездестіргеніне дән ризамын. Оның аналық қамқорлығымен үлкен ұлым Ниетжан, қызым Жұлдыз, кіші ұлым Бауыржан оң-солын дұрыс танитын азаматтар болып есті. Келіндерім, күйеу балам, немерелерiм де жаман емес. Даңққойлыққа, бақталастыққа жиіркенішпен қараймын. Қолынан түк келмейтiнiне қарамастан, ұқсап бағатын, басшыға жағынып, алдында құрдай жорғалайтын мансапқор, ертең оның бағы тайса, дереу сырт берiп шыға келетiн жексұрындар бізде жеткілікті. «Шырқ айналар шіркін тауық, жемі болса қолында» деп, Сәкен босқа айтпаған. Әттең мезеттің осындай қоқсықтарын ысырып тастап отыратын күн туса, қарыштап алға басуымызға жол ашылар еді-ау. Тек мұндай өлекселерді көретiн көз болса, өмiрдiң өзi дайындаған жадығаттар жеткілікті-ақ.

О бастан ұяң, ұялшақтау болып өссем де, есейе келе, өз ойымды бұқпантайламай, тіке айтуға дағдыландым. Алпысыншы жылдардың басында Ақмолада (Целиноград) өткiзiлген тың игерушiлердiң слетіне келген БЛКЖО Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы С. П. Павловты Тың өлкелік партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Т. И. Соколов өзінің қала сыртындағы қонақ жайына шақырған еді. Оған Павлов екеуміз бірге бардық. Камин алдында қызу әңгімеге кірісіп кеткен Соколов, шамасы, менің отырғаным есінен шығып кеткен болса керек, Н. С. Хрущевка айтып барсын дегендей, өзіне Қонаев секілді ұлтшылдармен бiрге қызмет істесудің «қиыншылықтары» жайында сөз қозғай бастады. Мұны естiген мен, қалай қарап отыра берейін: "Ау, сонда, Дiмәш Ахметұлы ұлтшыл болса, ұлтшыл емесiмiз кiм, мына сiз бе?" деп орнымнан тұрып, теріс айналып кеттім. Соколовтың жүгенсiздiгiне қымсынғандай, Павлов та үндемей отырып қалды. Мен болсам, Қазақстанның көпұлтты халқы арасында орасан зор беделге ие болған, аса көрнекті партия және мемлекет қайраткері Д. А. Қонаев жөнiнде көлденең келген әпербақан осылай ойына келгенін соға беретін болса, қалай күн көруге болады деп арлансам да, әдеп сақтап, орныма келiп отырдым.

Т.И. Соколов сөзін жалғастырған болып:

- Сергей Павлович, мен мұнда отырған екеумiздiң бiрiмiз партияның (ол Қазақстан Компартиясы Орталық комитетiне де хатшы болатын), бiрiмiз Қазақстан комсомолының хатшысы ретiнде бастан кешiп жатқан қиыншылықтарға көңіл аударайын дегенiм едi. Сіз оны қаперiңiзге алмай-ақ қойыныз, -деп жуып-шайып жатты.

 Алматыға қайтып оралған соң, Д. А. Қонаевқа болған әнгімені айтып бердім. Ол кiсi: «Ой, оңбаған-ай, солай дедi, ә? Мұндайларға дауа жоқ. "Ақымақтарға заң жазылмаған" деген осы. Сен де бұған көп мән бере берме" деп менiң көңiлiмдi жұбатқандай болды.

Мен өзiмдi шешенмiн деп есептемеймiн, бiлгiрсiгiм де келмейді. Әйтсе де жұрт алдына шығатындардың өздерi сияқты күнделікті газет оқып, радио тыңдап, теледидар көретiн қазiргi көпшiлiктiң бiлiм-таным деңгейiн ескере бермейтiнiне қайран қалам. Ал кейбiр ақын жазушылардың мінберде, артистердiң сахнада, журналистер мен хабар жүргiзушiлердiң көгілдір экранда өз ойларын күшене немесе "әндете" өрбітетiнінен жанға жайлы әсер алу қиын.

Ілгеріде бiздiң ұжымшарда өткен бiр жиында өмір бойы жұрт алдына шығып ләм деп аузын ашпаған бiр пақырға сөз беріпті. Ол әдеттегідей, «Жолдастар!» деп сөзiн бастайын десе, «Ей, осы не айта қояр дейсiн» дегендей, жұрт гуілдеп, көңіл аудара қоймапты. Дауысын дурыстаңқырап, тағы да "Жолдастар!" депті. Оған да ешкім бет бұра қоймаса керек. Ақырында бар даусымен, ышқына "Жо-ол-дас-та-ар!" деп айқай салса, жұрт тыныштала қалыпты. Ол егер шешен болса „мен осымен біттім" деп мінберден түсіп кете берген екен. Лекторлық дағдыдан менің көңіліме түйгенім алғашқы үш-бес минутта аудиторияны баурап алмаса, сөзінің онша мәнді болып шыға қоймайтыны.

1966 жылы Мәскеуде Одақтық комсомолдың ХҮ съезі өтіп жатқан. Волжский химкомбинатының бригадирі Г. Кривошиннің зор шабытпен сөйлеген сөзін съезд қызу қолдап, қабыл алды. Әдетте комсомол қызметкерлері де партия қайраткерлеріне еліктеп, сөзін партия съезі алға қойған міндеттерден бастайтын. Мен де солай сөйлемек едім. Тікелей өндірістен келген, съезд бірнеше рет қол шапалақтап, ықыласын бiлдiрген осы бiр жiгiттен кейін сөйлеуге тура келгендіктен, маған алты мың адам отырған Кремльдің съездер сарайын бiрден өзiме қалай қаратып алуға болатынын ойланып, мінберге бара жатқанда, не де болса сөзiмдi делегаттарға үйреншікті болып алған партия съезінен емес, артынан айтармын деген ойдан бастауға ұйғардым. Ол Алматыда болып қайтқан бір американдықпен байланысты еді. Делегаттарға арналатын дәстүрлі Жолдастарды!" да айтпастан: Осыдан біраз бұрын Қазақстанда болған бiр американдық, - дей бергенімде, ол не iстеп қойды екен дегендей, зал тына қалды, Алматыда көргеніне қайран қалыпты. Ол Қазақстан астанасынан киiз үйлердi, жайылып жүрген түйелерді көрермін деп ойлаған екен. Әрине мұхиттың ар жағынан келген мырзалар басқаша ойлауы мүмкiн емес - дедім. Залмен түсiнiс бiрден осылай басталды. Әрмен қарай съезд оқтын-оқтын қол соғып, ризашылығын бiлдiрiп жатты. Әсіресе мектептегі тәлiм-тәрбиенің кемшіліктеріне тоқталған сәтте ложаларда орналасқан ардагерлер орындарынан тұрып қол соқты. Ұзаққа созылған ду қол шапалақтаумен съезд президиумында отырған орныма дейін шығарып салды... Әуел бастан аппараттағыларға алдын ала анықтама-жадығаттар жинатып алатыным болмаса, сөйлейтін сөздерімді, жарияланатын мақалаларымды өзім жазуға дағдыландым. Өзім дайындамасам, өтірік айтып тұрғандай сезінетінім тағы бар. Тегі шешеннің сөзін өзі дайындап алып, қағазсыз сөйлегені жөн. Сонда ғана айтылған ой көз қаперiнде қалып қояды да, әсіресе лауазымы бар, дуалы ауызды азаматтар екі сөйлемейтін", бүгінгі жариялағанына ертең қарама-қарсы пікір айта қоймайтын болады. Зейнеткер адамның жыл өткен сайын жан дуниесі сарапқа түсіп, ұштығына жеткізгенінен көрі үлгірмегенi көбiрек бола береді екен. Мен үшін өкініштісі - Қазақстан Компартиясы таратылған кезде науқастанып ауруханада жатқандықтан. Орталық комитеттің пленумында да, партияның съезінде де бола алмағаным. Алдын ала дайындаған сөзім де сөйленбей қалды.

Партия таратылғаннан кейiн менi iздеген жан болған жоқ. Тұрлаусыз ағайынға қызмет сұрап мен де бармадым. Пендеге тән әлсiздiкке бой ұсына бермейтiнiм бар еді. Бұл жолы да солай болды. Айналадағы әлеуметтік әдiлетсiздiк пен теңсiздiктi көрiп бойынан түңілгендердiң жаңа партия құрайық дегенiн де қабыл алғаным жоқ. Саясат кәсiпкерлiк емес. Оның не екенiн түсіне қоймайтындардың саясаткер бола қалатынына қайран қалам. Қазіргі үкіметтің басы-қасында жүргендердiң де бәрі бірдей саясаткер емес. Ендеше саясатпен неге айналыспайды? Бiзде көбіне заң бар да, саясат жоқ болып шыға келетiнi де мiне осыдан. Менiң бiр жас досым (қазір банкир) депутаттыққа кандидат ретiнде теледидар арқылы сөйлегенде, азабы мол өмiрмен арпалысып, әбден шаршап, қалжыраған адамның кейпiне кiрiп, егер депутат бола қалсам қайтер едім, бүйтер едім дей берді. Мен оның жолдастарына: «Анау Маратқа айтсаңдаршы, ол сонша не істеп қалжырапты, өмiр бойы-ақ жөргекке оранып, ақ көйлек киiп келе жатқан жоқ па? Сайлаушылардың алдында солай сөйлеуге ұялса қайтеді» деуім мұң-ақ екен, менiң жүзiмдi көрмейтiн болып алды.

 Өз басым тағдырыма ризамын. Әуелде мұғалiм болып, кейіннен партия, кеңес, комсомол қызметтерiнде жүрiп шығармашыл мумкiндiктерiмдi түгелдей iске қоса алмағаныма ғана өкінемін. Өзіне мұғалімнің, саяси қызметкердiң тағдырын қалап алған мен үшін, біресе ата-баба мұрасының қалдықтарын, халық сәулеткерлігін, ою-өрнекті, ұлттық киім-кешекті зерттеп-бiлумен, біресе құрып бітуге айналған ескi кiлем нұсқаларын, көне әуез аспаптарын қайта ұқсатумен, халық билерiн қалпына келтiрумен айналысам деп жанығуға тура келгенi де осымен байланысты. Бұл жетіскендіктен емес, осындай "ұсақ-түйекпен" (кейбіреулер осылай ойлайды) тiкелей айналыса қоятындардың тапшылығынан туған жәйт еді.

 Сол iзденiстерiмнiң нәтижесiнде «Қазақтың қолтума мәдениеті" (1982), "Жаңғырық- Алтын домбыра жайлы аныздың iзiмен" (1990), "Уақыт керуені" (1992), "Жолайырықта" (1995) деген кітаптарым жарық көрді. «Қазақ киiмi" атты альбом-кiтабым "Өнер" баспасында жатқанына алты жылдан астам уақыт өтті, әйтеуір бір жарық көретін шығар деген үміттемін.

Белгілі тарихшылардың бiрiнiң маған: ,,Сiздiң осы, еңбектерiңiзге ғылыми тақырыпқа лайықтап ат қоя бермейтiнiңiздi қалай түсінуге болады?" дегенi бар-тын. Бәлкім, бұл дұрыс та шығар, бірақ, мен кiтаптарымды ғылыми диссертация үшiн емес, қалың көпшілікке арнап жазып келдім. Шығармашылығыммен Ғылыми жұртшылыққа танымал бола тұра, өзiмдi ғалыммын деп те есептегiм келмейді. Өйткені ғылымға тiкелей қатысы қызметте жүрiп, диссертация қорғағандардың бәрi бiрдей ғалым бола бермейді. Бәлкім, мен құнтты зерттеушi ғана болармын. Мен үшiн ең бастысы еңбектерiмнiң оқырман қауымға түсiнiктi болуы. Сондықтан да оларды астарлы қисындар тауып, қарапайым тiлмен жазуға тырысып келдім.

«Сындарлы ойды жеткiзудiң екi тәсiлi бар - деген екен Лев Николаевич Гумилев, - оның бipeyi "академиялық," деп есептеледi. Бұл мәтiн кез келген маман түсiне қоймайтындай етіп, арнайы терминдермен және сілтемелермен толықтыра түсу. Өзіме "Ғылымидан" гөрi ғылыми iспеттi" болып көрінсе де, бұл тәсілді қаралағым келмейдi. Тiптi диссертация жазатындарға да ынғайлы, өйткенi диссертацияны үш оппонентпен екі рецензент қана оқиды. Екiншi тәсiл ,,қызғылықты сөз саптау", яғни қарапайым сөйлесу тілі. Орта бiлiмдi адамға айқын һәм қысқа қайыра ұғындыруға болмайтын ғылыми идея жоқ.. Әрине мұндай жағдайда тұспалдап, әсерлеп, бейнелеп жеткізетін, тіптен пікір алмасуға итермелейтін әдеби әдістерді пайдалануға тура келеді. Геродот та осы сонғы тәсілге сүйенген екен. Жұрт сүйiп оқып, көшіріп ала бергендіктен де болар, оның «Тарихы» бiзге жетті, ал ғылымды жабыраңқы еткендердiң еңбектерi ұмыт қалды" (География этноса в исторический период. Ленинград, 1990, 6-7 беттер).

Кітаптарымның кейбіреулерінде қайсыбір фотосурет, түсiнiктеме қайталанатын болса, мұны аталмыш ескерткiштi жұртқа ұғындыра түсу қамынан туған жәйт деп қараған жөн. Ал бұрынғы айтылған оймен ұштаса бермейтiн соны пiкiр кездессе, өзгеше фраза, aтay kөpiне қалса, оларды шығарма жарық көргеннен бергі бiлiм-танымдағы, терминологиядағы, лексикографиядағы, текстологиядағы, ономастикадағы өзгерістермен байланыстыра қараған дұрыс. Несiн жасырайын, Торғайда, кейiннен Мәдениет министрлігінде, тіптен Орталық, комитетте қызмет iстеп жүргенде ойластырылған шаруаның біразы iске асып үлгірмеді «Шеңберде ойнаған тиiндей», халықтың дәстүрлі өнерiн сақтап қалуға, мүмкiндiгiнше бұрынғы табиғи ортасына қайта оралта түсуге қатысты мәселелерге араласа беретінім қара бастың қамы емес, олардың шешiмiн табудың жыл өткен сайын қиындай түсетiнiмен, «бiз кеткен соң кiм айтады» дегендей, өткiншi өмiрдiң қатаң заңдылығынан туындалған еді. Ол үшiн менi күндей қоятындар табыла қоймас деп ойлаймын, оқушым. Алматыда өткен ғылыми-дағдылық, конференциялардың бiрiндегi пікірсайысынан кейiн, бiр әзірбайжандық ғалым менің мамандығым бойынша кім екенімді сұраған еді. Мен болсам, орыс мәтелiндегiдей, «Өртенген театрдың артисі» едім деп күлдім. Оның көзі шарасынан шығып: "Мен сiздi артист деп ойламаған едім, сәулеткер шығар деп едім" деген соң, белгiлi қазақ анекдотындағы егде тартқан әйелдiң жас жiгiтке айтқан әңгiмесiн айтып бердім: - Е, қайным, дептi әлгi әйел, мен кiмге қатын болмады десеңші: бригадирге де, оправляйшке де, басқармаға да, парткомге де, райсполкомға да қатын болдым. Қазiр әлгі ауылшаруа басқармасы дейді ме, соған қатынмын. Ойбой, жеңгей-ау, сіз сонша күйеуге шыға бердіңіз бе? дептi жiгiт. Ой, тәйір-ай, мен сен ақпақулаққа күйеуімнің атқарған қызметін айтып отырған жоқпын ба? деп әңгiмесiн бiтiрген екен. Сол айтқандай, бiздiң халықтың тарихтан арттырғанынан көрi жоғалтқаны көбiрек болғандықтан, өзiмiз сияқтыларға бiрде режиссер, бiрде сәулеткер болуға, қисынына қарай, суретші-модельердiң де, тоқымашыға кеңесшiнiң де, әуезші-аспапшы немесе би қоюшының да мiндетiн атқаруға тура келетіні рас, дедім. Бiр жолы Арқалыққа келген мәскеулік театр сыншысының: Сiзге обком хатшысына ғана емес, режисерлыққа да талаптану керек болған екен. Тағы бір режиссердың өзін көрсете алмай, болмысыңыз бен жандүниеңiзде қалып қойғаны өкінішті-ақ" деп ресми жиында айтқаны да бар еді.

Шынында да біз сияқтылардың қайсысын алсақ та, режиссер iспеттi болдық ғой. Өзім рухани жағынан «суретшi» болармын деп те ойлаймын. Бәлкiм, бұл жоғалтқаны көбiрек халыққа құштар көңілден туған пендешілік шығар. Мұның саясатпен айналысқаннан да азабы мол болатыны хақ. Мен ешкімнің шотын шапқан емеспін. Өмір бойы қайда қызмет iстесем де, партияның, комсомолдың, кеңес үкіметінің табиғатындағы демократизмнiң, конституциялық құқықтар мен бостандықтардың негiзгi принциптерiн халқымыздың ұлттық мүдделерiмен ұштастыра пайдалануға тырмысып келдім. Маған 1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне хатшы болып сайланғаннан кейiн, ел басынан кешкен тарихи оқиғаларға, әдебиет пен өнерге, жекелеген қайраткерлерге қатысты мәселелерді пайымдауда өрескел қателіктер жіберген қаулы қарарларды қайта қарау жөнiнде ұсыныс жасауға тура келді. Бұл әрине, тек менiң ғана бастамам емес, партияның сол тұста ұстана бастаған бағытынан туындалған шаруа еді. Десек те, Орталық комитет арнаулы комиссия құрып, өзi шығарған немесе бурынгы Өлкелік партия комитетi қабылдаған әдебиет пен өнер дамуына, кейбiр мәдениет қайраткерлерінің шығармашылығына Tepic баға берген құжаттардың күшiн жойғанымен, тарихи оқиғаларға, әсіресе Ә.Бөкейханов, М. Шоқай, С.Қожанов, Ж. Сәдуақасов сияқты бiрқатар аса көрнекті мемлекет, қоғам және қайраткерлеріне қатысты каулы-қарарларын қайта қарап үлгірмеді. Солардың арасында "И.В. Сталин жолдастың "Ақжол" газетінің редакциясына жолдаған хаты" деген де құжат бар-тын. "Ақжол" 1920-1925 жылдары Ташкентте қазақ тілінде шығып тұрған газет. Онда Сұлтанбек Қожанов кеңес үкіметі қуғын- сүргінге түсіре бастаған кейбір аса дарынды қазақ, зиялыларының жеке басына, шығармашылығына қатысты мақалалар, олардың өлендерін, кемшiлiктерді мінеп-сынаған өз туындыларын жариялаған. Сталин, әрине қазақша газет оқып, оған шолу жасаған жоқ. Оны да "дайындап" берiп жүрген өзiмiздiң ағайындар болса керек. Сол "Хатқа" байланысты қаулының күшiн жою сот арқылы ақталғаннан кейiн де 30 жылдан астам жабулы қалған Султанбек Қожановтың iсiн  қайта қарауға, оның "сыбайластары" ретінде нақақтан-нақақ жапа шеккендерге тағылған айыпты алып тастауға жол ашатын едi. Мағжанның iсiн де, сот арқылы ақталғаннан кейiн 28 жылды артқа салып, қайта қарадық емес пе? Ал, Шәкәрiмдi. Ахмет Байтурсыновты, Жүсiпбек Аймауытовты, әсiресе Мiржақып (Мiр-Якуб) Дулатовты саяси жағынан түгіл, сот арқылы ақтау да ешкімнің ойына келмепті. Не пайда. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетiнiң Саяси бюросы 1990-1991 жылдары бiрнеше ай бойы уақтылы мәжiлiс құра алмағандықтан, ондай шешім қабылданып үлгірмеді. Кеңес үкiметi мен партияның тiзгiнiн бiрдей ұстаған басшымыздың өзі де ол кезде соңғысына қырын қарай бастаған едi. Тiптi оның: Сізге осындай мәселені қопсытудың қажеті бар ма?" деп өзiме ренжіген сәттері де болған. Партия таратылғаннан кейiн бұрын жинақталған жадыраттар архивке түсiп кеттi де, азгантай бөлiгi Ақиқат" журналында жарияланды.

Орталық комитетте хатшы болып істеген үш жылда менің байқағаным жоғары лауазымы барлардың қайсы біреулерінің өздерімен тұстас қоғамның байыбына қарап, оның зандылықтарын, мұң-мұқтажын жете ұғына бермейтіні. Оны 30-40-жылдардағы миллиондардың өмiрiн ала кеткен аштық-жалаңаштықтан, қуғын сүргіннен, маңдай алды қазақ зиялыларының түгелдей қудаланып, көпшiлiгiнiң мезгiлсiз опат болғанынан, тiптен 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде үкімет пен партия басшыларының тоқырау мезетiнiң озбырлығына қарсы шыққан жастармен тіл табыса алмағанынан да аңғаруға болады. Ал Қазақстан мемлекеттік тәуелсiздiгiн жариялағаннан кейiнгi ел басына төнген жүдеушілік пен жоқшылық та күні кеше ғана "қайта құрылам" деп өзін өзі шексiз қамшылаған елдiң қал-ахуалын егжей-тегжейіне дейін айқындап алмай-ақ, шұғыл түрде, ат төбеліндей ғана іскер топтың, нәрестедей мәпелеп, қолдан жасалған "жиендер экономикасының" (фраза үкіметке тәуелсіз баспасөзден алынды) мүдделеріне сай жүргiзiлiп экономикалық реформа мен жаппай жекешелендiру саясатының нәтижесі еді.

Тарихтан біз қандай болмасын жаңа қоғамның ескi құрылымды қирату арқылы орнығатынын білеміз. Тарихи тәжірибе сонымен бірге жаңа құрылымның ауқымын, ұстанатын бағытын, түр-түсін, шама-шарқын айқындап алмай тұрып iске кiрiсiп кеткен жағдайда, қоғамның орны толмас әлеуметтiк сiлкiнiстерге тап болатынын да талай рет көрсеткен. Өкінішке қарай, бізде өзiмiз құрып жатқан қоғамның болашағына нақтылы болжам жасалмады, мәселенің пайдалы-зиянды жақтары уақтылы ескерiлмедi, нарыққа ауысу кезiнде ел басына түсетiн ауыртпалықтарды азайтудың жолдары қарастырылмады. Мен әрине, мемлекет басшылығына елде болып жатқан әр қилы үрдістерді қалай реттеуді үйрететін адам емеспін. Тек өзім бірге жасасып келе жатқан қоғамның белсенді мүшелерінің бірі ретiнде бастан кешкен, көрiп бiлген жәйттермен қоса, қазiргi заманғы кейбiр көкейкесті мәселелерге де тоқтала кеткендi жөн кердім. Мұның кейде тарихқа, елтануға, мұратануға, қаласаңыз, қазақтануға қатысты мәселелермен ұштасып жататын сәттерi болады. Өйткенi менiң өмiрiмнiң өзi осындай азабы мол ізденістерден тұрады. Өкініштісі бiз сияқты қызметтестердiң (функционерлердiң) тiкелей араласқан, өзі ұқсатқан шаруасына қолтаңбасын қалдыра бермейтiнiн пайдаланып, біткен істің нәтижесiн әлде кiмдердiң өзiне телiп алатыны. Мәселен, Қазақстанның халық әуез аспаптары музейiн ұйымдастыруға, оның оңайға түсе қоймаған экспозициясын құрастыруға менiң бақандай екi жыл уақытым кетті. Енді келіп, музейдің есігін ашпаған бiреудiң, оны обкомда iстеп жүрiп, өзiм ұйымдастырдым деп кекiгенiне қайран қалдым. Тегі бұдан артық озбырлық бола қоймас.

"Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан" деген екен бұрынғылар. Жыл өткен сайын жүзi таныстардың қатары сиреп барады. Өзiм ес білгелі көз алдымнан талай-талай тағдырлар өтті. "Алдыңғы буын ағалар, кейiнгi буын iнiлер" болып бiрiн-бiрi алмастыра береді екен. Ел тағдырымен, мезеттiң маңызды оқиғаларымен байланыстырып, замандастарым жайлы, шамам келгенше толығырақ жазып қалдырсам деген үміттемін.

Ел басынан кешкен қайта "бетбұрыс", қоғамдық құрылыстағы өзгерiстер, нарықтық қатынасқа көшу жұрттың өмiрге көзқарасын, наным-танымын, түйсік-түсiнiгiн әр қилы өзгерістерге түсiрдi. Қазақстанның болашағын құрайтын жас ұрпақ өсiп келедi. Оған да жетісе бермейтiнi аға буынның өмірлік тәжiрибесi болар деген оймен iске кiрiсiп те кеттім. Әңгімеміз құрғақ ғибраттылықтан аулақ болмақ.

 

ТАҢҒЫ ШЫҚТАЙ КІРШІГІ ЖОҚ КӘУСАР ШАҚ

 

Сыр бойын, Арыс, Бөген атырабын мекендеген елдiң көпшілігінің отырықшы, малы барларының жартылай отырықшы болғаны мәлім. Диханшылықпен айналысатындары ертеден келе жатқан суландыру жүйелерін, Сырдың жағалауындағы көлдерден cy тартатын арықтарды пайдаланған. Кішігірім егiстiктер тіптен тасыған су жайылатын өзен аңғарына, жазда құрғап қалатын көлдердің ылғал жинаған ұлтанына да орналастырылатын. Бiрлi жарым байлар болмаса, көпшiлiк жұрт азынаулақ малын падаға қосып, кезектесе бағып күнелткен. Мақта өсіруді кеңейту мақсатымен Сырдың бас жағында алып су бөгемдерi жасалған үстіміздегі ғасырдың 50-жылдарына дейін өзен жылына бірнеше рет тасып, 10-15, кей жерлерде 20-30 шақырымға дейiн жайылып кететін. Таудағы қар, мұз еритін, жауын-шашын молаятын мезгілдегі су тасқындарының сыйпатына қарай жергiлiктi халық сырдың арнасына сыймай бұрқанатын сәтiн – тайлақ тасу, арнасынан шұбалаңдап, бiрте-бiрте көтерілетін кезiн – шұлғау тасу, иiрiлiп, қайнарға ұқсап таситын шағын күл тасу деп атаған. Бұлардан басқа арагідік су тасқындары да болған.

Тасқын су қайтқан кезде өзен арнасына кері кұйылып кетпес үшiн қамыстан, жыңғыл, тал шыбықтарынан, шөп-шалаңнан байластырып, шыммен, топырақпен, қиыршық тастармен бастырылатын қарабуралармен бөгеп, жағалаудағы көлдерді суға толтырып алатын. Жиналған суды көл жағалай, жер ылдиына орай қазылған арықтармен егістіктерге таратып әкететін. Шағын атыздардан тұратын егiстiктерге бидай, тары, жүгері, сұлы, қонақ, арпа еккен. Қауын-қарбыз, басқа да бақшалық дақылдар өсірген.

Дихан қауым әдетте не бәрі он шақты үйден құралатын тұрақтарын егістікке жақын, қыста малын жусатуға жететін шебi, ықтасын болатын тоғай, қопа қамысы бар көл қойнауларына таман ойлы-қыратты жерлерге орналастырады екен. Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына қарайтын, Арыс өзенінің Сырға құяр тұсында бой көтерген осындай ескі қоныстардың бiрi Сарықамыста мен 1931 жылдың 28-тамызында дүниеге келiппiн. Ескі дәстүрмен ата-анам кершiлерiн шақырып, шiлдехана жасап, ауылдағы ең қадірмен көнекөз қарт Өзбек ақсақалдың құрметіне Өзбекәлі деп ат қойыпты.

Әкем Жәнібек Құдиярұлы, анам Қаныша Томашқызы қазақ ауылдары ұжымдасқанға дейiн мал дегеннен жеті-сегiз қой ешкiсi, сауын сиыры, жүріп-тұрысқа мiнетiн жалғыз аты болғандықтан ешқайда көшіп-қонбаған, оның ececiнe диқаншылықпен айналысқан. Мен туғаннан кейін көп ұзамай әкем қайтыс болып, шешемді әмеңгерлік жолымен ерінің жақын туысқандарының бірі Серім Сейітбекұлына қосыпты. Ол бiздi Сарықамыстағы 13 үймен бiрге Сырдың арғы бетiндегi ежелгi Оқсыз қаласының құландысына жақын жерде әуелде 22 санды ауыл, кейiннен "Овцевод" деп аталған өзі ұйымдастырған ауылшаруашылық серiктестiгiне көшiрiп әкеткен екен.

Анамның менен басқа Спандияр деген ұлы болған. Ол Финляндиямен болған соғысқа қатысып, асқан ерлік көрсеткен адам. Ұлы Отан соғысы басталысымен хабарсыз кетті. Қараспанда тұратын бiр қазаққа күйеуге берген тұңғышы Күлараш 1978 жылы дүние салды. Онан басқа Мәдине деген тағы бiр қызы болған.

1938 жылғы 1 қыркүйекте мен мектепке оқуға барыппын. Ол кезде балаларды дайындығына қарай алғашқы жылы екіге бөліп оқытатын болған. От басында дұрыс тәрбие алған деп есептелетіндер (олар әдетте ауқатты адамдардың балалары болатын) әуелден бірінші класқа оқуға қабылданатын. Ал жөндi тамақтанбаған, киім-басы нашар, жарлы-жақыбайлардың балалары жартыншы класқа алынатын да оқу жылы аяқталғанда үлгіргендері бiрiншi класқа өткізілетін. Сол оқу жылы мұндай тәртiп педагогикаға сай келмейді деп танылып, бiз де бiрден екiншi класқа өттік.

Менен үш-төрт жас үлкендiгi бар Мәдине бала жастан зерек болса керек. Бiрде жартыншы класта оқып жүрген менiң қолыма "Өрт" деп аталған суретті кітапша түсіп, өзім жөндеп оқи алмағаныммен суретiн көрiп мәз боп отырсам, ол келiп оқып берейін десе мен бере қоймадым. Мәдине болса менi иландырып, мына жазылған дәптерлерiмдi ал да басыңа жастанып жат, таң атқанша олар да осындай кiтап болып қалады деген соң қолымдағымды - бере салыппын. Төсекке жатқан соң бiр қарап қойдым, дәптерлер өзгере қоймапты. Түн ортасында көзiмдi сығырайтып ашып қарап едім, олар сол баяғы күйінде. Таң ата да солай, ұйқыдан тұрғанда да өзгермегенiн көрiп, бақырып жылап қоя бердiм. Мәдине болса менi жұбатып, "мә, кiтабыңды ала қой" деп өзіме қайтарып берді. Ол оны түнде отырып, бiлте шамның жарығымен оқып шыққан екен.

Бiр күнi мен жөнінде мектептегі қабырға газетіне "Өте ұқыпты, сабақты жақсы оқып, кластастарының алдына шықты" деп мақтап жазыпты. Мен оны қайдан бiлейiн, үйге келсем Мәдине мұны апама жеткiзiп үлгіріпті. Апам менің бетімнен сүйіп, ризашылығын бiлдiрiп жатты.

Мәдине менiң оқуымды да қадағалайтын. Оқыған кітаптарының мазмұнын, неше түрлі ертегі-әңгімелер айтып беріп отыратын. Дәптерлерiмдi қарап, дұрыс оқуыма көмектесетін.

Қалыптасқан дәстүр бойынша бiздiң ел жазға қарай ұжымшардың басқармасы ғана қалатын қыстақтан бес-алты шақырымдай жердегі көгеріске көшіп шығып, қара күзге дейiн киiз үйлерде тұратын. Сол жылы жұртпен бiрге бiздiң үй де қыстақтан көшіп шыққан еді. Киiз үйiмiз болмағандықтан апам екi керегені жайып, бірін-біріне қабыстыра байластырып, туырлықпен жауып баспана етіп алды да, дастарханның қамына кiрiсiп кеттi. Бұрын ескi қазақ ауылында еркек тұрып, әйелге мал бауыздатпайтын. Осы бір көне дәстүр бойынша, жақын үйлерде өзге еркек көріне қоймаған соң, апам маған тауық бауыздатпақ болып қолыма пышақ ұстатты. Мен көп ойланып жатпай, пышақты алдым да жатқыза салып тауықтың басын шорт кесіп алыппын. Ол тыпырлап ұшпақ болып, үш-төрт қадам жерге барып құлады. Қорыққанымнан жылап жіберіппін. Мұнан былай тауық союдан құтылатын болдым дедім бе, әйтеуір, бізге көршi болып әкемнiң бiр жам ағайыны Құрман атамның қара құрым киіз үйi тiгiлгенiн көргенде қуанышымның шегi болмады.

Мен өмiрi жарып тамақ ішпеген, сіңірі шыққан кедей болғаныммен мейлінше инабатты, бүкіл қайырымдылықтың, адалдықтың нышаны байқалатын, табиғатынан сыпайы осы бір ауыл ақсақалының өнегесін көп көрдім. Арада қанша жыл өтсе де аласа бойлы, ат жақты, бадырақ көз, шоқша сақалды атамның жарқын бейнесі көз алдымнан кеткен емес.

Жаз айы. Жұрт шөп шабуға кететін. Атам екеуміз ауылда қалып қойып жүрдік. Мен бала кезден тентек болыппын. Атам үйінің түндiгiн жауып, ішке кіре берсе-ақ, оны айқара ашып, сықылықтап күлiп, зыта жөнелем. Ол болса, "Ей, мен сенi құртайын" деп қуған болып, түндігін жауып, үйіне кіре берсе болды, мен оны қайтадан ашып, кейде түндігінің бауын жұлып алып, тағы да қашып кетем. Осылайша күн өтетін.

Кейiн оң-солымды танып, Алматыға оқуға аттанғанымда, Құрман атам есегіне мініп, Сырдың қайығының аузына дейін шығарып салып: Қайтейін, қарағым, саған беретін қаражат болмады. Сүтіне шәй ақтап отырған жалғыз ешкiнi сатайын десем жақын жерде базар да жоқ, деп егіле сөйлеп, атаңның саған батасынан басқа берері болмады" деп қолын жайды. Мен де қолымды жайып, батасын алдым. Ата-анамнан ерте айырылып, кiсi есiгiнде көрген зұлымдық пен қорлыққа бой ұсынбай ер жеткеніме сүйсiндi ме, әлде қолұшын берер қауқары болмағанына күйінді ме, әйтеуір көнекөз атамның жаны тебіреніп, көзінен аққан жасы сақалын жуа бастағанда шыдай алмай, мойнынан құшақтап, бетінен сүйiп, кете бердім... Арада көп жыл өттi. Бiрде іс сапарымен жолым түсiп, үйiне барып сәлемдескенімде атам мүлдем қартайып, көзі көрмей қалған екен. Ұлтай шешемнен қайта-қайта сұрап, "бұл қай бала?" дей берді. Өзіңнің "Өзбегiң" ғой дегенде, жарықтық басын көтерiп, менің бетімнен иіскеп, айналып-толғанып, мырс етiп күлiп жiбердi. -Балам, менің түңдігімнің бауы қайда? -деп менің жас шағымды есіме түсiрдi. Сөйткен қайран атам, ол да етті дүниеден!

Әжем Арзыхан 99 жасында дүние салды. Қазiргi ой тоқтатқан "алпыстың" деңгейiнен алып қарасам, үлкен бір әулеттің басы болған осы бiр кейуананың ұзақ өмiр сүргені тек оның еңбекқорлығында (ешкімге салмағын түсірмей, өзiн-өзi күтiп өттi), дұрыс тамақтана бiлгенiнде немесе даланың жұпар иiстi таза ауасын жұтып өмiр кешкенiнде ғана емес, оны қоршаған қарапайым да мейiрiмдi жандардың уақыт өткен сайын ұлғая түскен қамқорлығында, өзара тату-тәттiлiгiнде, ауызбірлігінде екен. Ауызбірлік кеткеннен кейiн сол әулеттің азып-тозғанын да көрдім. Ендi мен елге барғанда ғана жиналып келiп, менiмен сәлемдесiп, бiр бiрiмен жүздесетiндей не күн туды булардын басына? "Ырыс алды ынтымақ" ауызбірлік кете бастады деген осы болар.

Енші бөліскенде кенже ұлының қолында қалған әжем немере, шөберелеріне шектен тыс мейiрiмдi едi. Ол тұратын үлкен үйге бара қалсақ, кеш боп қалды деп жатқызып та тастайтын. Әбден қартайған шағында бұлдыраған көзімен аспандағы күнге қарап, уакыттың түске дейiн не түстен кейiн екенiн ажырата бермейтiн. Бiз де жатқызғанына қарсы болмайтын едік. Өйткені әжемнің үстiндегi женкөйлегiнiң, камзолының қалталарында бiзге деген неше түрлі тәтті, ежегей, құрт, ірімшіктер болатынын білетінбіз. Арқамыздан қағып, төсекке жатқыза бастағанда қалталарына қолды салып жіберіп, ілінгенiн қойнымызға қотарып жіберсек, бiр үлкен іс тындырғандай мәз-мейрам болып қалатын едік. Шіркін, таңғы шықтай кiршiгi жоқ таза кәусар шақ-ай, осындайларыңмен есте қалады екенсiң!

1939 жылы өгей деуге аузым бармайтын әкем Cepiм Сейітбекұлы бiздi қасына көшіріп алды. Ол кезде ол ежелгi Отырар құландысының маңында ақ үй, қара үйдi қатар тіккен әлдi қазақтың бiрi болатын. Мәдине соның алдында ғана аз ауырып, қайтыс болған. Ағам Спандияр әскерде еді. Шешемізбен екеумiз баяғы екi керегеден құрастырылатын баспанада тұрып жаттық. Науқасы дендей бастаған анамның бар тауқыметi менiң мойнымда болатын. Далаға сүйемелдеп шығарып, төсегін салып қайта жатқызам, жуындырып тамағын берем. Сөйтiп жүрiп аналардың үйiне де қолқабысымды тигiзем. Отынын әкеп, суын тасып берем. Тiптi келi түйiп, қол диірмен тартқан сәттерім де болды. Әкемнің менiмен тетелес өз баласы Абан болса ата-анасының еркесі, құнанына мiнiп, шапқылағаннан басқа ештеме бiтiрмейді. Мен байғұс аттың үзенгiсiне де аяғымды салмаппын. Жаңа оқу жылы басталатын 1-қыркүйек те жақындап қалған. Осындағы ұжымшардың орталығы қоғамдағы мектепке екiншi класқа оқуға баруға тура келдi. Киетiн киiм болмай, Абанның ескіре бастаған костюмін маған берді. Ол болса "менi өлдi дедiндер ме, оған менiң костюмiмдi кигiзiп" деп жер тепкілеп, жылап отырып алды. Қорлыққа шыдай алмай, намыс-ыза кернеп, үйге жүгіріп келсем, апам басын жуып, шашын тарап отыр екен. Оның бұрынғы сұлулықтан қалған жалғыз белгiсi тізесіне түсетін шашы еді. Ол да сиреп, көк шұлаң тарта бастағанын ендi аңғарыппын. Көргенімді айтып едім, апам шешіліп сөйлей кетті.

- Мен осылардың "отымен кіріп, күлімен шығып жүріп" таптым осы сырқатты. Қарғамаймын ешқайсысын да. Тағдыр өзі-ақ туралайды бәрін. Өмірде бәрі қайталанады. Кім білсін, ертең күнің туса, сенің ескіңді ол киер. Жiгiт болып қалдың, қорғалақтай берме, дегенді айтты.

Апамның сөзі бойыма жігер беріп, көңілім орнына түсті. Ол Түркістан маңындағы Құш Ата деген қыстақтың тұрғыны Томаш деген кісінің қызы болатын. Отырықшы елдің дәстүрінде тәрбие алған, ойындағысын бұлтақтатпай, тіке айтуға тырысатын еді. Жасында ән салып, би билеген ашық жарқын қыз болған дегендi айтады білетіндер. Ертеңіне Секең мені өзі жетелеген атқа отырғызып, мектепке алып барды. Өмірі атқа отырмаған сорлы басым, ердің басынан қос қолдап ұстап алыппын. Ол болса атты қамшымен салып-салып жібереді, мен сыпырылып қала жаздаймын. Жолда кездескен бiр адам: „Секе, бұл кімнің баласы, қайда алып барасыз?" деп сұрап еді, „осындағы бiр жесір әйелдің баласы еді, оқуға алып барамын" деген жауап алды. Осыдан-ақ бұл кісінің менi өзiне жақындатқысы келмейтінін ұқтым. Сол бір сәтте "өзімнің балам" демегенін өмір бақи кешіре алмадым. Мен де оны "әке" деп атаған емеспін.

Бірде күн батарда үйге келсем, апам қара терге түсіп жатыр екен. Сасқанымнан аяғын ұстай алыппын. Мәдине қайтыс болғанда, адамның өлерде аяғынан суынатынын көргенім бар-тын. Әл үстінде жатқан апамның аяғы тізесіне дейін тастай болып, суып қалған екен. Секеңнің бәйбішесі Рахия шешейге барып, апам қысылып жатыр деп жылап қоя беріппін. Ол кiсi сен бара тұр, мен анау тігінші атаңды ертіп келейін деді. Тiгiншi деп отырғаны осы өңірге белгілі еркек киімдерін тігетін Раманқұл деген кiсi едi. Ол кісіні ел арасында „Раманқұл машинешi" деп те атайтын.

Рахманқұл ата өлім үстінде жатқан анама дем салып, маған ризашылығын сұрады. Апам болса "бұл балама ризамын, мені осындай халде тастап кеткен Спандиярға риза емеспін» дегенді айтты. Рахия шешей (шешесінің әмеңгерлікпен тиген күйеуі Серім Сейтбекұлының үлкен әйелі): "0, жазған, балаң өзі кеткен жоқ қой, әскерге алынды емес пе, оған несіне ренжисің?» дегенде ғана апам Спандиярға да ризашылығын білдірді. Осылайша, ісін бітіріп, бұл екеуі үйлеріне қайтпақ болды. «Сен шешеңнің қасында боларсың» дегенді естігенде, апамның сол түннен шықпайтынын сезгендіктен жалғыз қалуға қорқатынымды айттым. Рахия шешей: «Ендеше, ана үйдегі балалардың аяқ жағынан көрпесіне кіріп жат. Біз осында болармыз», - деген соң, басымды жастыққа қоя салысымен сілем катып, ұйықтап кетіппін. Мені шығарып салып, олар да үйлеріне қайтыпты. Сөйтіп, байғұс анам сол түні екі керегенің астында, жалғыздан жалғыз жарық дуниемен қош айтысып ты. Мұны қалай кешірерсің?

Ертеңіне сәскеге таман Рахия шешеміз біздің шайлаға барып келіп, мені оятып: «Балам, басыңды көтер, шешеңнен айрылыпсың», - дегенді айтты. Жылайын десем, көзімнен жас шықпайды, сiресiп қатып қалыппын. Сол күні кешке қарай апамды Арыстанбаб әулиенің маңындағы ескі мазаратқа жерледік. Мен болсам iштей тебіренгендіктен бе, әлде бойымды күйiнiш сезім биледі ме, әйтеуір апамның денесiн жерге бергенде де көзiмнен жас шықпай, іштей тынып тұра беріппін. Бәлкім, баланың қиял елесі болар, осы бір сәтте менің көзіме әулиенің үстінен көк түтін көрiнгендей болды.

- Балам, шешеңнiң үстiне күрекпен топырақ сал, сауабына қаласың. Дауыс шыққан жаққа карасам, манадан берi үндемей жұмыс iстеп жатқан Рахманқұл тiгiншi күрегiн менiң алдыма тастапты. Мен оны алып, анамның мүрдесіне төрт-бес күрек топырақ салдым.

Құран оқылып, бата қылғаннан кейiн жұрт ауылға қайтты. Келсек, мұндағылар апамның киім-кешегiн, көрпе-жастығын өртеп, ыдыс-аяғын жерге көмiп жатыр екен. Апам мен әкеп берген қауыннан үнемi қақ тiлiп, керегенiң көзiне iлiп кептіретін. Сол бейшараның «Спаным келсе, тойға жаратамыз» деп ілiп қойған қақтарын да лақтырып жіберіпті.

Ол сонша не, алапеспен ауырыпты ма? Ең болмаса, осындай «құлақ естiп, көз көрмеген сұмдықты маған көрсетпей-ақ iстесе қайтер еді? Оның үстiне сарыппен (ревматизм) науқастанып, жүрек ауруына шалдыққан сорлы анамды, ауруханаға салып емдетпегені былай тұрсын, әскерге кеткен баласынан қалған бес-алты қойын, бұзаулы сиырын, баспағын жаратып, дәстүрлі «жетiсiн», «қырқын», «жылын» да өткізбеді. Анамнан айырылған сол бiр қаралы күнгі ағайын-туғанның зұлымдығы мен екіжуздiлiгi естен кетпес қайғылы қасiрет болып, жүрегiмде мәңгiлiк қалып койды.

Көп ұзамай игi жақсы жиналып, тоғызға енді ғана келген мен пақырдың тағдырын шешпек болды. Бiреулер «Детдомға өткізейік» дегенді айтты. Ол кездегi қазақтың түсiнiгiнше «балалар үйiне» орналастыру жетiмдi каңғыртып жiбергенмен пара-пар болатын. - Мұны детдомға жiберiп, ел бетiне қалай қараймыз? - Шешесі болмаса, әкесі бар емес пе мұның? - Мұндай сұмдықты көрмеп едiк.

Осылайша ауыл ақсақалдары өздерінше дабырласып жатты. Аң-таң болған маған бұлар менi бiр алыс жаққа апарып тастағалы жатқандай көрiндi. Ақыры жұрт менi Секеңнiң Маяқұм сельпосында бухгалтер болып iстейтiн үлкен ұлы Қожанның қолына беруге келісті. Бұған негiзгi себеп болған –жетiм қалған менiң қамым емес, Қожанның әйелі Зәкияға, онын екi жасар ұлы Төреханды, тәй-тәй тұра бастаған қызы Мырзакүлді тәрбиелеуге көмектессін деген мақсат едi.

Анамнан сурет қалмағандықтан, қазір жасым ұлғайған сайын түрін де еске түсіре алмайтын болып барам. Өмірімде екі-ақ рет, онда да тұрмыстың тауқыметін тартып, қиналып жүрген сәттерімде түсіме ендi. Бiрде Қожанның үйінде жүргенде басымнан сипап тұрған анамды түсiмде көрiп, солқылдап, жылап қоя бергенiм бар-тын. Шошынып оянған жеңгем орнынан тұрып, шам жағып, жылап жатқанымның мәнiсiн сұрағанда жо-"жоқ, ештеме емес" деп қайта жатып қалдым. Екiншi рет студент болып жүрiп, пойызбен Алматыдан елге қайтып келе жатқанда, плацкартты вагонның жоғарғы жүк қоятын сөресiнде ұйықтап жатып, тағы да басымнан сипап тұрған анамды түсімде көрдім. Өмірінде жақсылық, көрмеген қайран анам, "жатқан жерiң жайлы болсын! " дегеннен басқа не айтайын. Кейін басына белгі болатын құлыптас қойғыздым, Шәуілдірде болған сайын барып тұрам. Әйелім, балаларым да солай етеді. 

Қожан ағам мейірімді, инабатты адам болып шықты. Әйелі де аздаған бейпілауыздығы болмаса түйсігі бар адам еді. Бұлардың үйінде де  балаларын жұбатып, отынын жарып, суын тасып берумен айналыстым. Ағам менi кейде еркелетіп, 20-ға келгенше (ол кезде жиырма жас тым ересек болып көрінетін) оқытатынын айтып отыратын еді. Отан соғысы басталысымен Қожан да әскерге алынды. Мені Секең шаруашылығына пайдалану үшiн өз отбасына қайтарып алды. Ол кiсi дермене, итсигек жинап, Темір станциясындағы дайындау мекемесіне өткізумен айналысатындықтан соғыс кезiнде Беген атырабындағы Шiлiкте, Темiрдiң өзiнде тұрдық. Бұл алқапта дәрі-дәрмекке қажеттi мұндай жабайы шөптер көп өсетін. Кейіннен «Овцевод» ұжымшарына біржолата көшiп келдiк.

Соғыс жылдарында балалар оқуды тастап кеткенде де мен оқи бердім. Жетіжылдық мектепте М.Рақымбаев деген жалғыз мұғалім сабақ беретін. Күніге бiр класты оқытатын. Бiздiң кластың кезегі келгенде менi тауып алып, «Қыздарды шақырып кел» дейтін. Өйткенi, бiр класта Айша, Қалампыр, Жұпар, Ұлжалғас дейтiн төрт қыз, «еркек кiндiктен» жалғыз мен болатынмын. Қыздарды ауылдың иттерiн «абалатып» журiп, жинап келем. Дәптер жоқ, газетке жазып оқыдық. Оқулықтар тек мұғалімде ғана болатын.

Соғыс аяқтала бастағанда мүгедек болған басқа мұғалімдер де майданнан қайтып орала бастап, мектебiмiздiң көркi кiре бастады.

Сол жылдары менiң балалық, жүрегімді тебіренткен бiр жәйт болды. Ол немiстер басып алған жерлерден уақытша қоныс аударып бiзге келгендермен қарым-қатынасқа байланысты еді. Халықтар достығының нышанын сонда бiрiншi рет көрдім. Ол кезде қазақ арасында "эвакуация" деген сөз пайдаланылмайтын. Оның орнына "туыстар" деген түсiнiк кеңiнен тараған еді. "Әне туыстар келе жатыр", "туыстарға берейiк", "туыстар жесiн" деп жұрт үнемi дабырласып жататын. Бiздiң ауылға келгендер Украинадан едi. Барымызбен бөлiстiк. Бiздiң үйде жаңадан көктелген жалғыз көрпеше бар едi, оны да соларға бердік. Қысқа деп сақтаған жалғыз пұт бидайдың да жарымын соларға жөнелттік. Сауын сиырдың сүтімен, құрт-ірімшікпен, қауын-қарбызбен де бөлістік. Олардың да ризашылығының шегі болған жоқ. Еліне қайтып бара жатқанда көздерiне жас алып, қазақтармен көрicin-құшақтасып ажырасты. Достық, бауырмалдық деген осылай болады екен.

1945 жылдың күзiнде жетiжылдықты бiтiрiп, аудан орталығы Шәуілдірдегі Жамбыл атындағы орта мектептiң сегiзiншi класына оқуға түстім. Интернатта жатамыз. Көрпе-төсек жоқ, үйден әкелген бiр тiлiк киiздiң үстiне аунай кетеміз. Таңертең 200 грамм қара нан мен бiр кәмпит бередi. Түсте бiр тостақ атала, 200 граммнан, кешке тағы да 200 грамм нан, жалғыз кәмпит береді. Тек қайнаған су жеткiлiктi.

Шайды да, көжені де қалайы тостақпен iшемiз. Балалар мұндай тамаққа қанағат қыла қоймайтын да, сенбi күнi кешке қарай жақын арадағы ағайын туысқандарына кетiп қалатын. Мен де көршi ұжымшарларда, Темiрде тұратын ағайындарға барып бiр тойып қайтатынмын. Оның үстiне «өзіңмен бiрге ала кет» деп бiр қалта жүгерi немесе тары-талқанын салып беретін. Оны аталаға араластырып жеп, едәуiр диланып алуға болатын едi. Тек жоғары класта оқитын ересек балалар талқанымызды тартып алғанда не iстерiмiздi бiлмей сасып қалатынбыз. Сөйтiп жүргенде менен екi-үш жас үлкендiгi бар жерлесім Әтібай Құлымбетов кешiгiңкiреп келіп сегізінші класқа оқуға түсті. Ол келісімен бір-екі төбелестен кейін үлкендердің зорлығы мүлдем тоқтады. Бұдан былай талқанымызға ешкім тимейтін болды.

Темiрде бiздiң Әзімбек деген атамыз тұрды. Кедейшілік. Кемпiрi күнiне екi-үш таба нан жауып, темiр жолға шығарып сатып, түсiмiн қалжа ғып отыратын. Атам мейлінше адал, қолынан өнер тамған ұста болатын. Сонғы кезге дейін ол кiсi жасаған ағаш кебеже, жүкаяқ, қобдишалар қай үйден болса табылатын. Мен келгенде атам бой жасап, көңілі көтерiлiп қалатын. "Бәрекелде, ал енді қаптың аузын ашып жiбер" деп мәз-мейрам болатын. Олай дейтіні маған ән салғызатын. Мен болсам, көңiлiм соқпаса, "Ән жоқ, қаптың аузы буулы" деп тастайтыным бар-тын. Атам "Қаптың аузын аша ғой" деп жалбарынғандай болатын. Бiр кезде атамның жер үйiнiң итарқасына шығып алып, іштен дем тартатын түтіктен Алматыдан сөйлеп тұрмыз. Қазақ әндерiнен концерт береміз" дегенімде, атам басын көтерiп: "Бәрекелде-е, балам көп жаса!" дей беретін. Сөйтiп, қарттың айызын қандырып, неше түрлі ән салып берiп, ризашылығын алатынмын. Шәуілдірдің қасындағы Ногин атындағы ұжымшарда тағы да бiр туысымыз тұрады деп еститінмін. Барсам үйiнде екен. Бұл ел арасында Сарымолда деген лақап атпен белгілі Мүсірәлі дейтін ақсақал еді. Сол мен келетiн күнi кемпiрi онан-мұнан құрастырып екi таба нан жапқан екен. Бiреуiмен шәй іштік. Мусекең ана таба нанды мына балаға бер, алып кетсін" дей берiп едi, кемпiрi ренжiп, тырыса қалды. Қамшысын алып атам кемпіріне тап берді. Ол ойбайлап, үйді айналып қаша жөнелді, бақырған даусы да жаман екен өзінің. Атам болса, "Е, оңбаған, сонда осы балаға қимай отырғаның жалғыз таба нан ба?" деп зекіп жатты. Бiр сәтте кемпiрiн қуған ақсақалдың қолына әлгі нан түсе қалды да, "Балам, ал мынаны, сенің тарығып жүргенiндi бiлем, келіп тұр бiздiкiне" дегенді айтты. Мен болсам нанды қойныма ұрып жiберiп, кемпірі мен шалын төбелестiрiп, Шәуілдір қайдасың деп зытып тұрдым.  Көп жылдардан кейiн, жолым түсiп Шәуілдірге келсем, Мұсекең де, кемпiрi де дүние салған екен. Үйіне барып, балаларына көңіл айттым. Осы бiр мейлінше көңіл, адал қартты, жоқшылықтың тауқыметiн тартқан оның кемпiрiн еске алдық.

Менiң балалық ой-елесiмде мәңгілік қалған тағы бiр алып тұлға болды. Ол әйгiлi халық ақыны Айтбай Белгібайұлы едi.

Шәуілдір ауданым бар саялы бау,

Қонысым Сырдың бойы, жайлауым тау.

Пайдасыз Арыс суын байлап алып,

Отырар даласына егілді нау.

Осы бір өлең шумағын туған жеріне арнап, оған деген шынайы сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезiмiн бiлдiрген Айтбай ақын маған тұла бойында өнеге тұнып тұратындай, қол жетпес кудiрет iспеттi боп көрінетін. Ақынның әсем үнін  "құлақтан кiрiп, бойды алатын" құбылыс десе де болатын еді.

Кейiн ес білгесін ойлап қарасам, елдің көркі де осындай ақылгөй, біртума, бiрiне бiрi ұқсай бермейтін, даналығымен ерекше көнекөз қарттарында екен. Өзім ер жетіп, адам бола бастаған шағымда Құрман, Әзімбек, Сарымолда, Айтбай секілді сол қарапайым ауыл ақсақалдарының мектебiнен өтіп, тағдырдың тауқыметіне қарсы тұра білгеніме тәубе еттім. Өкініштісі, арамыз алшақ, мен Алматыда, олар ауылда болып, көпті көрген кемеңгер аталарыма кызмет ете алмағаным. Ағайын-туысқан арасында ылғал тартпағандықтан жапырағына пана бола алмайтын "кәрі ағашқа" ұқсас талай-талай шалдарды да көрдік қой. Менің алғашқы ұстаздарым болған аталарымның орны мүлдем басқаша еді. Бір атадан "ала да, құла да туады" деген осы екен. Балам, мерейің үстем болсын десең, құрбы-құрдастарыңмен, замандастарыңмен тату-тәтті бол, дейтін еді Құрман атам. Адам бойындағы достық, сүйіспеншілік сезім өте ерте оянады екен. Үшiншi класта Дәкүл дейтiн бiр кiшкентай қызбен бiр партада отыратынбыз. Оның маған ұнайтыны сонша, үйден қалтама құрт, iрiмшiк, ежегей, кейде қауынқұрт салып алып, үлкен переменде соған жегізіп, бетіне қарап отыра бергім келетін. Сол Дәкүл бiр күнi маған ашуланып дәуiтiндегi (сиясауыт) сиясын бетіме шашып жібергені. Бетімді, көйлегімнің омырауын шұп-шұбар қылып үйге қарай жылап ала жөнелдім. Ағам Қожан болса:  "Ей, сені де күйеу дейді-ау, тапа-тал түсте келiннен таяқ жеп" деп күлiп жатыр. "Күйеу" деп айтты деп онан сайын бақырып, үйді аспанға көтеріп жаттым. Бар ойым қызды қалай жазалаудың есебін табу. Оны ойлап таптым да. Беті-қолымды жуып, көйлегiмдi алмастырып, тынышталдым да оқу кiтабымды мұнан былай оған бермеске бел байладым. Кластағы жалғыз оқулық менде болатын. Арада бір апта өтті. Дәкүлдің шешесi келiп менiң жеңгеме: Анау қайныңа айтсаңшы, менiң қызыма әлгі кітабын бермейтiн болыпты деді. Жеңешем: -Шырақ (ескі дәстүр бойынша ол менiң атымды атамайтын),  Дәкүлге бере ғой кiтабынды, ештеме етпес, - дегенді айтты. Сонымен екеумiз қайта татуласып кеттік. Көп ұзамай ағам қызмет ететін Маяқұм сельпосы орналасқан онымен аттас ұжымшарды үкімет Қазақстанның қиыр оңтүстiгiнде жаңадан қазылған Киров каналының алқабындағы тың жерге көшіріп әкетті. Сөйтіп, Дәкүлмен айырылысуға тура келді. Арада көп жылдарды артқа салып, комсомол кызметiнде жүрген кезде, бiрде қасыма ерген екi жiгiтпен Киров ауданында болғанда Дәкүлмен кездесе кеттік. Әбден қартайған, тұрмыс қажытқаны көрiнiп тур. Жолдастарым болса: Сонда осы кемпір сiзбен бiрге оқыған ба?" деп қайран калды. Мен оларға: "Тоғыз бала тапсаңдар, сендер де сондай болар едiндер" деп күлдiм. жеке басының шынайы достық, сүйiспеншiлiк адамның қалыптасуына, ой-өрiсiнiң даму дәрежесіне, талғамына, көзқарастық қасиеттерiнiң орнығуына қарай өрбитiн үрдiс екен. Өмір талқысынан өте қоймаған жастық, әсіресе балалық шақтағы достықтың қанша  шынайы болғанымен есейген сәтте түкке тұрғысыз, бұрын сүйкiмдi досың кейiннен бастапқыдай бола бермейді екен. Соғыс кезiнде ұжымшардың егiстiгiнде тарысын торғайдан, жүгерiсiн қарғадан қорып, тай-құнандай тебiсiп бiрге өскен достарым Төлбасы, Баймахан, Бердіқұл, Тоймахан, Нұртаза, Баян, Сiнгiрхан да есейгеннен кейiн қарасам, мүлде басқа адамдар болып кетiптi. Орта мектепте Шағырбай деген досым бар-тын. Екеумiздiң достығымыздың шегi болмайтын. Кейде үйiне қонып қалсам, шешесi қатар төсек салатын. Ол кiсi кетiсiмен бiр төсекке ауысып алып, рахаттанып ұйқыға кететін едік. Сөйткен Шағырбайым білім алып оң-солын танығанда достық сезімі бұрынғыдай емес, бауырмалдығы да шамалы адам болып шықты.

Ілгеріде сол Шағырбай арқылы Айжан деген бір шәуілдірлік қызбен таныстым. Аққұба, бидай өңді дегендей. Хат жазысып тұрдық. Бір жолы жазғы каникул кезінде қызды күйеуге ұзатқалы жатыр деген хабар алдық. Мен қанша қиын болса да оны Алматыға алып кетпек болдым. Қыз оған көне қоймады. Жалғыз шешем бар, қалың мал беріп, ресми той жасап үйленбесек, риза болмайды дегенді ескертті. Мен оған студенттiгiмдi, әке-шешемнің жоқтығын оңған туысқандарым да шамалы екенін айтсам да, бой беретін түрі жоқ. Сонымен Алматыға кете бердік. Темiр станциясында Шағырбай екеуміз пойызға шығайық деп тұрсақ, бір бала қуып жетіп, қыздың келісетінін айтты. Мен ойланып қалдым. Шағырбай болса, "Ол шын сүйетін болса бұлай етпеген болар еді. Махаббат деген шынайы сезімді саудаға салуға болмайды. Оның қадірін білмейтін мұндай қызға бой ұсынудың қажеті жоқ. "Жүр, кеттік" деп менi вагонға кіргізіп жіберді де, балаға екеуміздің шешімімізді айтты. Сонан қайтып Айжанды көрген емеспін. Тұтанып үлгіре қоймаған алғашқы махаббат оты осылай сөнді. Естуімше, тұрмысы оңалмапты. Ішімдікке салынған, ұрып-соғып жәбірлейтін біреуге күйеуге шығыпты. Шешесінің емес, өзінің тұрмыс құратынын ұқпағанына бармағын тістеп, орнына келмеген махаббатына өкiнiш сезiмiн беретiне ұқсайды. Бақсам, адамның азғантай өмірінің әр кезеңіне лайық өз дос жарандары болады екен. Бала кездегі досыңның талғам, түйсік түсiнiк өзгере келе, үйлесе бермейтіні де осымен байланысты болса керек. Әйтсе де, біздің қай-қайсымызды алсақ та, жаңадан қалыптаса бастаған жас адамның жан дүниесін байыта түсіп, қайырымды ететiнi үшiн де бала кездегi достық, сүйіспеншілік сезiмге мiндеттiмiз ғой деп ойлаймын.

 Ендi мiне, менiң алдымда – қала көрмеген ауыл баласына уақыт оздыратын құпиясы мол, өзгеше бір дүние іспетті болып көрінетін студенттік шақ. Ілгері үмітке, мәртебелі игілікке ұмтылумен оның табалдырығын аттамақ болып, 1948 жылы Шәуілдірдегі Жамбыл орта мектебін бітіріп Алматыға келдім. Қазіргідей мамандық таңдау ол кезде болмайтын, пәлендей оқу орнына түс деп кеңес берген адам да болған жоқ. Өзімше тандағаным Абай атындағы Қазақ педагогтiк институтының (қазіргі Алматы университеті) тарих факультетi болды. Тарихтан, қазақ тiлi (ауызша) мен әдебиетінен (ауызша және шығарма жазу түрінде), орыс тілі (ауызша) мен әдебиеті (ауызша және диктант түрінде), жағрапиядан қабылдау емтихандарын тапсыруға тура келді. Тарихтан, жағрапиядан, қазақ әдебиетінен (ауызша, жазбаша) үздiк баға алсам да, қазақ тілінің грамматикасынан "құлап" қала жаздадым. Ойымды бiлдiргенде қатесіз жазғаныммен, оның мәнiн түсiне бiлмейтiн мен үшiн грамматика аса қиын пән болатын. Емтихан алып отырған Шамғали Сарыбаев болса, ауызша сурақтарына аздап жауап берсем де: Анау тұрған ат па, оны атпа" деген сөйлемді талдап беруді өтінді. "Анау тұрған ат па" деп сурақ белгiсiн (?) қойып, "оны атпа" деген тіркестен кейiн леп белгiсiн (!) беруге батылым бармай, отырып қалдым. Мұны көрiп отырған емтихан алушы бұл бала грамматикадан түк білмейді" деп "2" қойғысы келiп едi, ассистенті Б. Үкібаев араға түсіп: "Шәке-ау! Қараңызшы, бізге дейiнгi төрт емтиханды ,,5"-ке тапсырып келіп отыр, шығарманы үздiк жазыпты, обал болмай ма?" деп отырып алды. Ақыры Шамғали аға "3" қойып бердi. Ең қызығы орыс тілі мен әдебиетінен емтихан тапсырғанда болды. Eкi аудиторияда бөлек-бөлек диктант жаздырған оқытушылар орыс тiлiнiң грамматикасынан бiрге отырып емтихан алатын болды. Мені алдарына отырғызып, Анастасия Сергеевна Жукова деген біреуі: ..Ты у кого писал диктант?" деді де, сұрағын тәптештей "У меня или у нее?" дегенді айтты. Мен қалай жауап берерімді білмей "тебе написал" деп өзiн көрсеттім. Ол кiсi "орыс тiлiн бiледi-ақ екенсiң" дегендей басын шайқап, менiң диктантымды тауып алғанда көзі шарасынан шығып кете жаздады. Оның: - Слушай, ты оказывается, на тройку писал, молодец, давай бери билет и отвечай- дегені әлі есiмнен кетпейді. Өйткенi бiр аудиторияда диктант жазған 33 абитуриенттің біреуі "5"-кe, үшeyi "3"-ке, қалғандардың бәрi "2"-ге жазған екен. Сол үшеудiң бiрi мен болыппын. Не пайда, ауызша сұрақтарына жауап бере алмадым. Орыс әдебиетiнен емтихан алған Е. Ландау деген кісі А. П. Чеховтынң ,,Человек в футляре" деген әңгiмесi жайында айтып беруді сұрады. Әрине қазақ тiлiнде болса тап-тұйнақтай жауап берер едім, орысшаға тiлiм жетпесе де "язык короткий", "язык не хватаeт" деген тіркестерді оңды-солды пайдалана отыра, әжептеуір жауап бердім. Емтихан алушының риза болғаны сонша "4" қойып берді. Сөйтiп қазақ тілі мен әдебиетiнен жалпы баға "4", орыс тілі мен әдебиетінен "3" болып шыға келдi. Менiмен бiрге оқуға келген жеті баланың бәрі емтиханнан құлап" ауылға қайтатын болды. Емтиханды ойдағыдай тапсырғандықтан, институтқа қабылданатын болдым деп оқу басталғанға дейiн елге барып келмек болып, мен де солармен бiрге кете бердім.

 Қайтып келсем, менi кетiп калды деп ойлап, қабылдамай тастапты. Институт директоры С. Толыбековтың қабылдауында болып, студенттікке кандидат (біреулер шығып қалса, орнына алынатын) ретiнде лекция тыңдап, семинарларға қатысуға рұқсат алдым. Жатақханадан орын тимей, бұрыш жалдап жекеше пәтерде туруға тура келді. Жоғарыда айтылғандай, қала көрмеген жiгiтке бәрi қызық. Алматымен танысып, музейлерге, театрлар мен киноға қайта-қайта барып-жүрiп (бір тәуiрi ресторандарда болған емеспiн), лекциялардан, семинарлардан қала беріппін. Оның тақсыретiн алғашкы емтихан. зачет тапсырған кезде көрдім. Орташа баға алғандарға стипендия бермейтiнi тағы бар. Содан кейін барып, зейін қойып оқуға кiрiстiм. Бұрынғыдай лекцияларды жiбермейтiн болдым. Бос уақытымды оқу залында өткiзуге тырыстым. Өзгелерден бұрын келiп, қалаған кітаптарымды алып қалатынмын. Өйткені ол кезде оқу құралдары жетісе бермейтін. Түнгі 11-ге қарай үнемi бiр әдеміше келген тапалтақ, сары жігітпен екеуміз кітап тапсыратындардың сонында қалып қойып жүрдік. Ол не оқиды екен деп қолына қарасам, ылғи тарихқа, жағрапияға, қоғамтану, әдебиет пен өнертануға қатысты кітаптарды көрем. Сөйтiп жүрiп екеумiз таныс болдық. Бұл физика-математика факультетінің студенті, Пушкин атындағы стипендияның иегері Ауданбек Көбесов еді. Достасып алған соң, бос уақытымызды да бірге өткiзетiн болдық. Бірде мен оған қазақта Әбу Нәсір әл-Фараби деген энциклопедист-ғұлама болғаны жайын да білгенімді айтып бердім. Ол кезде осыдан 1100 жыл бұрын өмір сүрген ұлы бабамызды Қазақстанда көпшiлiк жұрт біле бермейтін. Ауданбек болса сол кездiң өзiнде-ақ ғылымға бейім еді. Кейiннен "Әл-Фараби" деген кiтабының кiрiспесiнде өзiне алғаш рет дерек берiп, ұлы ғалымды тереңірек зерттеуге себепшi болған тарихшы ретінде маған, Фараби мұраларын зерттеуде күнделiктi көмек көрсеткен ұстазы профессор Б. А. Розенфельдке алғыс айтыпты.

Соғыс кезiнде және тiкелей онан кейiнгi қиын-қыстау кезеңде мектепте оқығандықтан, жыл сайын кластан класқа көшіп отырғанымыз болмаса, біздің алған біліміміз онша терең емес, мәдениетiмiз де шамалы болатын. Бәлкiм, сондықтан да болар, бiз оқыған тұста Алматының жоғары оқу орындарында студенттер мен оқытушылар арасындағы ынтымақтастыққа көбiрек көңіл бөлінетін. Бұл тек лекция арқылы ғана өрби бермейтін үрдіс болғандықтан шәкіртті семинарларға, дағдылық қатыстыра, спортпен, көркемөнерпаздықпен, жұмыстарға техникамен шұғылдандыра отырып, оның қабiлетiн арттыру, айналадағы ортаға көзқарасын дұрыс қалыптастыру, жеке басының мәдениетiн көтеру жағы қарастырылатын. Мұны бiз кiтапханада да, жатакханада да, қоғамдық орындарда да сезiнетiн едiк. Өз басым арада қанша уақыт өтсе де ғылымның, бiлiм-танымның әр-турлі салаларынан сусындатқан лекцияларын тыңдап, тәлім-тәрбиесін алған ұстаздарым тарихшылар: Халел Әділгереевті, Мұсатай Ақынжановты, Владимир Иванович Тимосконы, Валентина Михайловна Коваленконы, әдебиетшілер: Мәлік Ғабдуллиндi, Нина Сергеевна Смирнованы, ғалым-экономист Серғали Толыбековты, педагог Раиса Григорьевна Лембергті, психолог Иосиф Лазаревич Стычинскийдi. юрист Константин Флегонтович Котовты, Байтiковты, Муратовскийдi. Жүкеновты асқан ілтипатпен еске аламын.

Менiң о бастан қоғамдық қызметке, мәдениет пен өнер жағына бейімделуіме осы кісілермен қатар тiкелей әсер еткен, кейiннен халықтың дәстүрлі өнерін зерттеуіме себепкер болғандардың ішінде Қазақстанның халық артистері Қапан Бадыров, Борис Александрович Орлов, Асқар Тоқпанов, Қазақстанға еңбегі сіңген артистка Валентина Сергеевна Пирогова бар еді. Бар дүниесi жалғыз рояль мен кушетка ғана болатын. Көк базардың қасындағы жертөле үйдiң бiр бөлмесiнде тұратын пианист Лев Семенович Бруктың менiң дауысымды орнықтыра қоямын деп көп әлек болғанын қалай ұмытарсың. Сіз менен опера әншісін жасамақсыз ба?" дегенімде ол кiсiнiң ,,Кымбаттым менің, болашақ мұғалімнің дауысы болмаса, онан ұстаз шыға қоймайды" -дегенi есiмде қалды.

Біз оқыған тұста жоғары оқу орындарындағы көркемөнерпаздықтың әр жылы қалалық байқаулары үлкен мереке фестиваль іспетті болып өтетін. Бiз де бiр жолы Қапан Бадыровтың жетекшілігімен Ғабит Мүсіреповтың "Ақан сері Ақтоқты" пьесасын дайындадық. Ақан болып болашақ ақын торғайлық Ғафу Қайырбеков, Ақтоқты болып жезказғандық  Гүлсім Жаманова ойнады. Маған балуанның рөлі тиген еді. Пьесадағы айтыс-тартыстың әбден шиеленiсетiн сәтiнде құлағы естiмейтiн, тiлi жоқ балуанның релiнде ойнағандықтан, сахна шетіне орнығып алып, жүген-шылбырды жөндеп, жамап-жасқап" отыра бердiм. Мұны байқаған Қапан Бадыров "Қарағым-ау, енді қойсаңшы"- деп сыбырлайды. Байқап қарасам, жұрттың назары маған ауған екен. Сахна төрінде Хазіреттің үкімімен жалғыз ағашқа таңылған Ақтоқты Ақанның ,,Мақпал" әнін салып зарлаған қыз дауысы түнгі даланы күңіренткендей. Қасында қарауыл қараған қарт балуан. Ақанның достары қызды босатып алып: Өмiр бақи перзентiм жоқ деп арман етушi едiң, ал мынаны өзiңе қыз қып" деп маған ұсына бергенде, мұны бiлiп қойған қарсы жақтың адамдары тап бердi. Өзiне қыз ғып алған Ақтоқтыны қорғамақ боп, балуан оны байлаған жалғыз түп ағашты жерден суырып алып ұмытылатын сәтте, бұрын бір шегемен ғана қағып тастайтын ағашты сол күнi құлап қалмасын деп үш шегемен бекітіп тастаған екен, әрi берi ышқынып зорға жұлып алып Хазiреттiң тобына ұмтылдым. Олар болса қорыққан боп жерге жабыса калды. Мен ағашты көтерген күйiмде тұрып қалдым. Шымылдық, жабылды. Көрермендер ду қол шапалақтап қошемет көрсетіп жатты. Бәрі де нанымды болып шықты... Сол жолғы байқауда бiздiң осы спектаклiмiз қала бойынша бiрiншi жүлдеге ие болды. Қапан Бадыров бiздi жұрт алдына шығып жаттыға берсін дегендей, театрға алып барып, көпшілік сахналарына да қатыстыратын. Ондағы қазақ, сахнасының тарландарын көрiп қана қоймай, олар мен бiр сахнада ойнау бiз үшiн үлкен мектеп еді. Болашақ, мұғалімдерге тарихтан, этнографиядан, әсiрece халықтың әдет ғұрпынан, киiну, сөйлеу мәдениетiнен, тұрмыс-салтынан қосымша мәлімет алу үшін театрда болудан артық, мүмкiндiк бола бермейді.

Студенттiк төрт жыл зулап өте шықты. Онымен бiрге кiршiксiз, таза балалық шақ, жастық шақ та аяқталып келе жатты. 1952 жылы институтты бiтiрiп, ОҚО Келес ауданындағы "Ленин жолы" орта мектебіне жолдама алдым. Осында жүрiп Шымкенттiң мұғалiмдер институтын бiтiрiп, туған аулына қайтып оралған Халиханмен танысып, отбасын құрадық. Ұл-қыз сүйдік. Халихан осы өңірге белгілі үлкен әулеттен шыққан едi. Оның анасы Мария маған да туған анамдай болды. Осы бiр мейлінше қарапайым, болмысынан тұнып тұратын үлгі, өнеге көрiнетiн мейірбан әйелдің аналық, қамқорлығын көп көрдім. Оның аруағы алдында барлық, уақытта басымды июге дайынмын. Халиханның ағалары Рысмахан, Әлмағамбет, әпкелері Райхан, Айхан, iнiлерi мен сiңiлдерi де мен үшiн бiрге туысқан адамдардай болып кеттi. Бiр-бiрiмiзден көңiлiмiз қалған емес.

Отбасының берекесiнен адам өмiрi құралады екен. Қазақтың "Шаңырақ", "Ошақ", "Босаға" секілді түсініктерге бостан босқа киелі мән бермегенін осы бір қасиеттi "от басы-ошақ, қасының" ауыз бiрлiгiнен көрдім. Үлкенді сыйлау, кiшiге инабатты болу, күн өткен сайын ұлғая түсетiн қарттарға деген қамқорлық бар жерде ғана жұрттың мерейі үстем бола беретінін байқап, көңіліме тоқығандай болдым.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН АҚПАРАТ ДЕРЕККӨЗДЕРІ:

1. https://kk.wikipedia.org/wiki

https://massaget.kz/mangilik_el/tup_tamyir/asyil_soz/42328/

 https://sputnik.kz/20211028/ozbekali-janibekov-omirbaian-18522219.html

 

МАЗМҰНЫ

Тақырып

Бет

1

Ө.Жәнібековтың өмірі мен қызметінің хронологиялық тізбесі.

3

2

Ұлт рухын ұлықтаған ұлы тұлға.Өмірдерек.

4

3

Ө. Жәнібеков туралы пікірлер.

7

4

Ө. Жәнібеков шығармашылығы және ол туралы кітаптардың библиографиялық тізімі

9

5

Мерзімді баспасөзде жарияланған мақалалар

15

6

Ө. Жәнібеков: «Тағдыр тағлымы» кітабынан үзінді. Өзім туралы.

18

7

Таңғы шықтай кіршігі жоқ кәусар шақ.

28

8

Мазмұны

44

Өзбекәлі Жәнібеков фото деректерде